Түркіменбашы қаласы мен Балқан уәлаятының билігі ислам дінін шамадан тыс ұстанады деп таныған тұрғындардың үйіне келіп, Құраннан басқа діни кітаптарды тәркілеп жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен редакциясы хабарлады.
18-19 тамызда елдің батыс өңірінде діндар азаматтарға қарсы акциялар өткен, билік өкілдері олардың діни кітаптарын тартып алған.
Бірнеше түркімен азаматы Азатлық радиосына хабарласып, үйіне құзырлы орган өкілдері келгенін, тінту жұмыстарын жүргізіп, діни мазмұндағы кітаптарды, соның ішінде хадис кітаптары мен шариғат заңдарын ұстануды уағыздайтын кітаптарды ұстауға тыйым салғанын айтты.
Хабарласқан тұрғындардың бірінің айтуынша, үйіне таңғы 6-да екі полицей, арнайы форма кимеген бір азамат және жергілікті дін істері басқармасының қызметкері келіп, кітап сөресінен діни кітаптарды алып кеткен.
Билік өкілдері тінту жүргізуге соттың шешімі бар екенін айтып, Құраннан басқа кез келген діни мазмұндағы әдебиетті сақтауға жауапкершілік қарастырылатынын ескерткен.
"Дін істері басқармасының өкілі мен құқық қорғау қызметкерлері діни мазмұндағы барлық кітапты көрсетуді талап етті. Мен бәрін алдарына жайып бердім. Олар тек екі Құран кітапты қалдырып, қалғанын алып кетті. Құранның орыс тіліндегі аудармасын да алды" деді жергілікті діндар Азатлық радиосы тілшісіне.
Редакция азаматтың қауіпсіздігі үшін оның толық аты-жөнін жарияламайды.
Азатлық тілшісіне сұхбат берген бірнеше діндар азамат елде мұсылмандарды қудалау күшейіп, жастардан жауап алу жиіледі деді.
Кейінгі апталарда билік тақуа деп санаған азаматтарды қауіпсіздік органдарына жауап алуға шақырған. Олардың айтуынша, билік діндарларды араб қарпін танитындар мен танымайтындар деп екіге бөлген. Құқық қорғау органдары жақында намаз оқып бастаған жастарды ерекше назарда ұстап отыр.
Билік тарапынан діндарларға неліктен қысым күшейгені белгісіз. Өткен аптада Балқан уәлаяты Гумдаг ауылында ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері мектеп жасындағы 50-ге жуық балаға діни сабақ берген егде жастағы молданы ұстаған.
Түрікменстан үкіметін азаматтық бостандық, соның ішінде діни сенім мен ар-ождан бостандығын шектеуге байланысты сынға алады.
АҚШ мемлекеттік департаменті 2014 жылдан бері Түрікменстанды діни еркіндікті сақтау бойынша "ерекше алаң тудыратын ел" қатарына қосады.
Балқан уәлаяты тұрғындарының айтуынша, діндарларды қудалау науқаны күшейген тұста билік басқа елдерде жарияланған Құран аудармаларын да тартып алып жатыр.
Өткен аптадағы жұма намазы кезінде Түркіменбашы қалалық мешітінің қауымы имамнан дұға, дәрет алу ережелері мен басқа да рәсімдерді үйретуді сұраған. Алайда мешіт имамы бұдан үзілді-кесілді бас тартып, адамдарды діни білім алу үшін мешітке келмеуге үндеген.
2023 жылдың қаңтарында түркімен үкіметі Ахал Велаят бас мешіті жанынан медресе салу жоспарын жариялаған.
Діндарларға қысым күшейгені жөнінде Балқан уәлаятындағы ресми органдардан қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады.