CPJ ұйымы Қазақстанды ҚазТАГ тілшісіне жасалған шабуылды тергеуге шақырды

Шахтинск қаласындағы апат болған "Қазақстан" шахтасы. 18 тамыз 2023 жыл.

"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін ҚазТАГ агенттігінің тілшісі Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырды. 22 тамызда жарияланған мәлімдемеде ұйым Қазақстан билігінен кінәлілерді жауапқа тартуды, журналистердің қоғамдық маңызы бар оқиғадан кедергісіз ақпарат таратуын қамтамасыз етуді талап етті.

"Шахтадағы апат туралы репортаж кезінде журналист Диана Сапарқызын күштеп шығару — қоғам мүддесіне маңызды оқиғаны жеткізбек болған адамды қатыгездікпен басып-жаншу әрі біле тұра жасалған әрекетке ұқсайды. Қазақстан билігі журналистер жұмысына кедергілер болмас үшін, бұл жайт басқаларға сабақ болу үшін тергеу жүргізіп, осы оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапқа тартуы тиіс" деді CPJ басшысы Карлос Мартинес де ла Серна.

18 тамызда "Қазақстан" шахтасында апаттан хабар таратуға ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. 19 тамызда Қарағанды облыстық полиция департаменті тілшіге жасалған шабуыл туралы арызды тіркеді. Алайда тілші полиция істі созбақтап жібере ме деп алаңдайды.

"Өтінішім бойынша іс қозғалмай жатыр. Мен жұма күні арыз жаздым, ал [полиция] осы уақытқа дейін іс бойынша бапты да анықтаған жоқ. Полиция департаменті нақты ештеңе айтпайды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі әлі шықпаған дейді. Қалайша? Бес күн өтті ғой" деді тілші 22 тамызда ҚазТАГ редакциясына берген жауабында.

17 тамызда таңертең "Қазақстан" шахтасында өрт болып, жер астындағы 227 шахтердің 222-і жер үстіне шығарылған, бес шахтер қаза тапқан.

"Қазақстан" шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жер астындағы кезекті кісі өлтіру". Шахтадағы қайғылы жағдай ескі мәселенің қайта бетін ашты