"С5+1" саммиті қыркүйекте Нью-Йоркте өтпек. Байден саммитке Тоқаевты шақырған

АҚШ сенаты Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерс (сол жақта).

23 қыркүйекте Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ сенаты Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерс кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылады.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу кезінде Тоқаев биыл қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы алаңында "С5+1" форматында өтетін АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы саммитіне шақырғаны үшін АҚШ президент Джо Байденге ризашылығын білдірген.

"Орталық Азия – әлемнің маңызды бөлігі, ал Қазақстан – Орталық Азия өңіріндегі негізгі мемлекеттердің бірі. Сондықтан біз алдағы уақытта ынтымақтаса жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар екеніне көз жеткізгіміз келеді. Бұл пікірімді президент Байден де құптайды деп ойлаймын. Ол сізбен таяу уақытта Нью-Йоркте кездесуге ниетті. Бұл кездесу біздің қарым-қатынасымызды нығайтуға оң ықпал етеді деп ойлаймын" деді АҚШ сенаторы.

Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы С5+1 саммиті 2015 жылдан бері бірнеше рет өткізіліп келеді. АҚШ мемлекеттік департаменті бұл кездесуді аймақ ішінде және АҚШ пен ОА арасында "әріптестікті нығайтатын" саммит ретінде сипаттап, оны "тәуелсіз, гүлденген және қауіпсіз Орталық Азия" үшін АҚШ-пен әріптестікте ортақ мәселелерді шешетін шара деп атайды. Бұл саммит бұған дейін тек Орталық Азия елдерінде өтіп келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Санкция, жер тұтастығы және киіз үй үшін алғыс. Блинкеннің Астана сапарында не айтылды?