23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Ресей федерациясының азаматтық авиациядағы мемлекеттік мүлікті басқаратын атқарушы органы – Росавиация агенттігінің мәліметінше, ұшақтың жолаушылар тізімінде "Вагнер" жеке әскерінің басшысы Евгений Пригожин мен оның "оң қолы", "Вагнер" командирі Дмитрий Уткин болған.
Росавиация жариялаған жолаушылар тізімі мынандай:
- Сергей Пропустин
- Евгений Макарян
- Александр Тотмин
- Валерий Чекалов
- Дмитрий Уткин
- Николай Матусеев
- Евгений Пригожин
- Алексей Левшин, командир
- Рустам Каримов, екінші пилот
- Кристина Распопова, бортсерік.
Дегенмен қазірге дейін Пригожин мен Уткиннің қаза болғанына қатысты ресми мәлімет жоқ. Кремль де ұшақ апатына қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.
Ресей төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, бортта он адам (үш экипаж мүшесі мен жеті жолаушы) болған. Олардың бәрі опат болуы мүмкін. РИА Новости ақпарат агенттігі ұшақ құлаған маңнан он адамның сүйегі табылғанын жазды. Ресейдің тергеу комитеті Тверь облысындағы ұшақ апатына байланысты іс қозғап, тергеу бастағанын мәлімдеді.
Кейбір сарапшылар ұшақтағы жолаушылар тізімінде Пригожиннің аты-жөні болғанымен, ол әуе көлігіне мінбеген болуы да мүмкін дегенді алға тартады. Бұған қоса, кейбір басылымдар мен сарапшылар Пригожин мен Уткинге "ұқсас адамдардың" болғанын еске салды.
Кремльшіл "Россия 24" телеарнасы Пригожин қаза тапқан деген ақпарат таратты. Ресей билігін қолдайтын "Царьград" телеарнасы да дереккөзіне сүйеніп, ұшақ құлаған жерден Пригожин мен Уткиннің мәйіттері "анықталғанын" хабарлады. "Вагнерге" жақын Grey Zone телеграм-каналы Пригожин мен Уткин "Ресейді сатқандардың әрекетінен қаза тапты" деп, олардың өлгенін растады.
Ұшақтың құлаған сәті видеоға түсіп қалған. Бұл видеоны "База" және Mash телеграм-арналары жариялады (видеода былапыт сөздер бар).
Embraer ұшағы елдімекен маңына құлаған, оқиға орнынан түсірілген фотода борт нөмері RA-02795 деп көрсетілген. Бұл – Пригожиннің бизнес-джетінің нөмірі.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресейлік журналист Ксения Собчак дереккөзіне сүйеніп, апатқа ұшыраған ұшақта Пригожин де болғанын жазды. Ал Ресей оккупациялап алған Украинаның Запорожье облысының өкілі Владимир Рогов "Вагнер" жалдамалы әскер тобының мүшелерімен сөйлескенін, олар Пригожин мен Уткиннің қазасын растағанын айтады.
Пригожиннің өкілдері жағдайға байланысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ. "Вагнермен" байланысы бар Grey Zone каналы ұшақты ракетаға қарсы құрылғы атып түсіруі мүмкін деп топшылайды.
Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Бүлікке қатысты қозғалған іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді. Ал Пригожин біраз уақыт Ресейде болған.
21 тамызда Пригожин видео жариялап, Африкада жүргенін мәлімдеген.
Евгений Пригожин – бизнесмен, Путинге жақын адам. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.