Өзбекстан Жоғарғы соты совет билігіне қарулы қарсылық көрсеткені үшін (басмашылар қозғалысы) қудаланған 240 азаматқа қарсы бес қылмыстық істі қайта қарап, олардың бәрін ақтады. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке қарағанда, ақталғандар қазіргі Қарақалпақстан, Сұрқандария, Науаи, Самарқан және Қашқадария облыстарында 1929-1931 жылдары «совет билігіне қарсы қарулы бүлік жасаған». Олар Өзбек ССР және Қазақ ССР азаматтары.
Биыл 19 сәуірде де Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 1930-1931 жылдары репрессияланған 208 өзбекстандыққа қарсы үш қылмыстық істі қарап, олардың бәрін ақтаған.
Бұл азаматтар 1930-1931 жылдары Орта Азия бірлескен мемлекеттік саяси бюросы үшжақты кеңес шешімі негізінде Сібірдегі лагерьлерге айдалған.
Бұған дейін репрессия құрбандарын мәңгі есте сақтау жөніндегі республикалық жұмыс тобы 408 адамды ақтаған. Осы уақытқа дейін республикада 856 адамға ақтау үкімі шығарылған.
2021 жылғы 31 тамызда Шавкат Мирзияев совет одағы кезінде 100 мың өзбек репрессияланып, 13 мың адам атылды деп мәлімдеген. 2001 жылдың 31 тамызынан бері Өзбекстан Репрессия құрбандарын еске алу күнін атап өтіп келеді.