Келесі аптада мемлекеттік думаға әскери тіркеуге тұрмағандар мен мобилизациядан бас тартқандарды азаматтықтан айыруды қарастыратын заң жобасы енгізілмек. Бұл жөнінде мемлекеттік думаның аймақ саясаты мен жергілікті басқару комитеті төрағасының орынбасары Михаил Матвеев мәлімдеді.
Бұған дейін шенеунік азаматтықтан айырылғандарды елден депортациялау қажеттігін де алға тартқан.
"Мұндай жағдайда мигранттың отбасы мүшелерін де азаматтықтан айыру керек деп санаймын" деді Матвеев. Әзірге бұл ұсыныс заң жобасының мәтініне енгізілгені-енгізілмегені белгісіз.
Заң бойынша, шетел азаматы Ресей паспортын алғаннан кейін екі апта ішінде мекен-жайы бойынша әскери комиссариатқа барып, әскери тіркеуге тұруға тиіс.
2023 жылы сәуір айында президент Владимир Путин "армия беделіне нұқсан келтіргендер" мен "армия туралы жалған ақпарат таратқандарды" азаматтықтан айыру туралы заңға қол қойған. Жаңа заң бойынша, терроризм немесе экстремизм бойынша сотталғандар ғана емес, ФСБ "Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірген" азамат деп таныған адамдар да Ресей азаматтығынан айырылмақ. Мұндай шешімді 10 күн ішінде апелляцияға беруге болады.