Грузия шекарада бөгеген алты украинге елге кіруге рұқсат етті

Грузия мен Ресей арасындағы шекара бекеті.

Грузия шекарашылары бассауға сұраған алты украин азаматына ел аумағына өтуге рұқсат берді. Украинаның Херсон облысынан шыққан бұл алтауын бұған дейін, 17 тамызда Грузияға кіргізбей қойған еді.

Өздерін Ресей оккупациялап алған Украина территориясына күштеп қайтара ма деп қауіптенген украиндер екі ел шекарасының аралығындағы аймақта он күн жатқан деп жазды "Медиазона" басылымы UnMode құқық қорғау ұйымына сүйеніп.

Былтыр Ресей күштері Украинаның Херсон облысынан шегінген кезде ол жақтан сотталған адамдарды мәжбүрлеп алып кетіп, Ресейдегі түзеу колонияларына отырғызған. Кейінірек жаза мерзімі аяқталып, қамаудан босап шыққан адамдарды көбіне шетелдік азаматтарды уақытша ұстайтын орындарға жібереді деп жазады журналистер.

Сондай бес адамды – Украина азаматтарын 17 тамызда Грузия шекарашылары ел аумағына кіргізбей қойған. Тағы бір украин азаматы Ресейге өз еркімен барған, бірақ сондағы арнайы тексеру орнына түскен. Бұдан соң алтауы да Грузияға өтуге талпыныс жасаған. Грузия шекарашылары өткізбей қойғанымен, олар Ресейге қайта барудан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Грузияда грузинше сөйлесе алмай қалдық". Ресейліктер Батумиде жаппай кәсіп ашып, тіл дауына тап болды