Зеленский: Қырымды қайтарып аламыз, Ресей "саяси қыспақта" қалады

Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 16 тамыз, 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғыста Украинаның жеңісі Грузия мен Молдованың территориясының тұтастығын қалпына келтіруге, бұған қоса Беларусь елінде демократиялық өзгерістер болуына септеседі деп есептейді. Зеленский бұл пікірін Украинада өткен телемарафон кезінде журналист Наталия Мосейчукке берген сұхбатында айтқан.

Жеңісті қалай елестетесіз деген сұрақққа Зеленский "соғыстың қайталануына жол бермейтіндей" деп жауап берген.

Украина президенті ел территориясының тұтастығы 1991 жылғы шекарасының шегінде қалпына келтірілуі тиіс деп біледі. Бұған қоса, оның пікірінше, егер Украина әскері Қырымның әкімшілік аумағымен шекараға шығатын болса, онда "Ресейді түбектің аумағында демилитаризация жасайтындай саяси қыспаққа алуға" мүмкіндік туады.

Зеленский соғыс іс-қимылдарын Ресей аумағына қарай ойыстыруды құптамайтынын білдірді. "Бұл аса қауіпті, себебі жалғыз қалып қоямыз" деді ол Батыс елдерінің өздері берген қару-жарақты Ресей аумағына қарсы қолдануға болмайтыны туралы талабын меңзеп.

Украина президенті егер шығынды барынша азайтуға қажет болған жағдайды өз елі "ұзақ" соғысқа дайын екенін айтты. Сонымен бірге ол Украина соғыс технологиялары саласында Еуропада лидерге айнала алады деген пікір айтты.

Зеленский бұған қоса соғыс жағдайында коррупция қылмысы мемлекетке опасыздық жасаумен теңестірілгенін қолдайтынын білдірді. Ол жемқорларға ату жазасын беруге шақырмайтынын, оларды түрмеге қамау керек деп есептейтінін мәлімдеді.

  • Маусымда Украина армиясы елдің оңтүстігінде көптен күткен шабуылды бастаған. Екі жарым айдың ішіндегі кескілескен шайқастар барысында украин әскері бірқатар бағытта ілгері жылжыды, бірақ әзірше Ресейдің қорғаныс шебін бұзып өте алған жоқ. Қазір шабуыл жалғасып жатыр, оның мақсаты да бұрынғыдай — Ресейді ол басып алған Қырым түбегімен жалғап тұрған құрлықтағы жолды кесіп тастау.
  • Киев Ресейді соғыста жеңіп, Қырымды азат ету мүмкіндігімен қоса, егер Ресей өз еркімен түбекті қайтаруға келіссе, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге де болатынын айтады.