Қырғызстанда прокуратура Kloop.kg сайтын "билікті сынады" деп сотқа берді

Kloop

Бішкек қаласының прокуратурасы "Клооп Медиа" (Kloop.kg сайтын) қоғамдық қорын жабу туралы сотқа шағым түсірді.

Құжатта "мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Клооп Медиаға" жүргізген тексерісі кезінде жарияланған материалдар қазіргі биліктің саясатын қатты сынап, көбі негативке толы, мемлекеттік және жергілікті органдар өкілдерін беделін түсіруге бағытталған" деп жазылған.

Kloop.kg сайтының орыс тілді нұсқасының редакторы Анна Капушенко Азаттықтың Қырғыз қызметіне "заңгерлеріміз тиісті органға шағым түсіруге дайындалып жатыр" деді.

Капушенконың сөзінше, сот "Клооп медиа" қоғамдық қорын жапса да, Kloop.kg сайты жұмысын жалғастыра беретінін айтады.

"Біз онлайн жұмысымызды жалғастыра береміз. Сайтымызды жауып тастауы мүмкін. Бұған бұрыннан дайындалып жүрдік. Бұл – Қырғызстандағы сөз бостандығына жасалған қысым. Демек қандай да бір басылым биліктің әрекетіне қатысты сыни мақала жарияласа, бедел түсіру болып есептеліп, медианы жауып тастауға болады деген сөз ғой. Қазір сын айтқан медиаға, белсенділерге, құқық қорғаушыларға қысым көбейгенін көріп отырмыз" деді ол.

Сот шағымды қарауға алған-алмағаны белгісіз. Прокуратура әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Kloop.kg сайты 2007 жылы маусымда жұмысын бастаған. Тәуелсіз медиа Қырғызстан билігіндегі жемқорлық фактілеріне қатысты зерттеулер жариялайды. 2018-2019 жылы Азаттықтың Қырғыз қызметі, Клооп және OCCRP Қырғызстанның кеден қызметіндегі жемқорлық жайлы үлкен зерттеу жариялаған.