Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – премьердің орынбасары Тамара Дүйсенова бүгін, 29 тамызда Астанаға халықтың миграциясына қатысты екі рет мәлімдеме жасап үлгерді.
29 тамыз түстен кейін министр журналистерге сұхбат беріп, халықтың Астанаға кқшір келуіне шектеу жоқ деп мәлімдеді.
"Айтайын дегенім, жұмыс тобы ешқандай шектеу ұсынған жоқ және [Астанаға халықтың миграциясына] шектеу қою қарастырылмаған. Қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарына сай, Астанада сол уақытта 2,5 миллионнан аса адам тұрады деп көзделген. Астананың бас жоспарында осыншама адамға арналған инфраструктура мен үй салу қарастырылған" деді министр.
Дүйсенова "бастысы Астанаға келген қазақстандықтан тұрғылықты жері бойынша тіркелуі керегін"ескертті.
Бүгін, 29 тамыз түске таман министр Дүйсенова үкімет кулуарында халықтың Астанаға көшуін шектеу ұсынысын қолдаған еді.
"Меніңше, қазіргі уақытта бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі астананың әлеуметтік инфраструктурасы дайын емес. Дайын болған кезде [Астана халқының санын] өсіруге болады" деген еді Дүйсенова.
Бұған дейін Астананың қоғамдық кеңесі қаланың 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған бас жоспары жобасын талқылау кезінде халық саны мәселесін көтеріп, жақсы өмір сүру үшін аймақтардан астанаға көшіп келіп жатқандар көбейіп бара жатқанын, оның шектен тыс артуына жол бермеу жайын сөз еткен еді.
2030 жылға қарай Астанада тұрғын халық саны екі миллион адамға, ал тағы бес жылдан соң 2,3 миллион адамға жетеді деген болжам бар. Ресми дерек бойынша, қазір астанада 1,3 миллионнан астам адам тұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жақсы өмір іздеп келгендерді шектеу". Астанада тұрғындардың көбеюін тежеу жолын талқыладыӨткен аптада Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Астанаға көші-қон легін шектеу үшін заңға енгізілмек өзгерістерді әзірлеп жатқаны туралы хабар тараған.
Бұрын кейбір шенеуніктер мен блогерлер Астанаға көші-қонның теріс салдары барын, мысалы, қаланың көлік инфрақұрылымы оны көтермейтіні туралы пікір айтқан. Биыл шілдеде астананы дамыту туралы кеңесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көші-қонның артуы "көлік саласындағы ахуалдың нашарлауына себеп болатынын" мәлімдеген. Ол "жағдайды бақылауға алу және көші-қон процесін реттеу үшін" пәрменді іс-шара қажетін айтқан. Тоқаев астанаға аймақтардан келіп жатқандардың басым бөлігі еңбек мигранттары екенін айтып, реттеу мен бақылауды күшейтуді тапсырған.
Сарапшылар халықтың Астанаға көшуін шектеу адам құқығына, адамның жүріп-тұру құқығына, Конституцияға қайшы әрекет деген.