30 тамызға қараған түні Ресей Киевке ракеталармен және дрондармен шабуыл жасады. Ресей Украина астанасына көктемнен бері мұндай ауыр соққы жасамаған еді. Киевте адам шығыны мен зардап шеккендер бар. Ал Украина Ресейге дрондармен шабуылдап, әскери ұшақтарды бүлдіргені айтылды. Бұл соғыс басталғалы Украинаның Ресейге дрондармен жасаған ең үлкен шабуылы болуы мүмкін.
"УКРАИНАҒА 28 РАКЕТА МЕН 16 "ШАХЕД" ДРОНЫ ШАБУЫЛДАДЫ"
30 тамызға қараған түні Ресей әскерилері Киевке ракетамен шабуылдап, жергілікті биліктің хабарлауынша, кемі екі адам қаза тауып, екі адам жараланған.
"Түнде тағы әуеден шабуыл жасалды. Мұндай күшті шабуылды Киев көктемнен бері көрмеген еді. Жауымыз дрондар мен ракеталарды пайдаланып, жаппай шабуылдады" деді Киев облысының әскери әкімшілігі.
Ресей әскерилері басында "Шахед" дрондарымен шабуылдағаны, оның артынан Ту-95МС авиациялық борты Киевті ракетамен атқылағаны айтылды.
"Әуе шабуылына қарсы құрылғылардың күшімен жаудың 20-дан аса дроны мен ракетасы атып түсірілді" деді Киев облысының әскери әкімшілігі.
Киев мэрі Виталий Кличконың хабарлауынша, қаланың Дарницкий және Шевченков ауданына ракета сынықтары түсіп, өрт шыққан. Кличко түнгі шабуылдан Киевте 26 және 36 жастағы екі ер адам қаза тапқанын, тағы екі адам жараланғанын айтты. Зардап шеккендердің бірі – 24 жастағы қыз ауруханаға түскен.
Таңғы бесте бүкіл Украина аумағында әуе дабылы қағылған. Жарылыс дауыстары Кривой Рог және Одесса қаласында да естілген. Житомир облысына да дрондардың сынығы құлап, инфраструктура объектілері мен теміржол бүлінгені айтылды.
Украина қарулы күштерінің бас командирі Валерий Залужный Ресей 28 ракетамен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Х-101/Х-555/Х-55 типтегі ракеталар Ту-95МС ұшақтарынан атылған және 16 "Шахед" дроны шабуылдаған. Командир 28 ракета мен 15 дронды атып түсірдік деп отыр.
РЕСЕЙДЕ ТӨРТ ӘСКЕРИ ҰШАҚ ҚИРАҒАНЫ АЙТЫЛДЫ
30 тамызға қараған түні Ресейдің алты аймағы мен аннексияланған Севастополь қаласына дрон шабуылдағаны хабарланды. Ресей билігі кемі сегіз дронды атып түсірдік дейді. Зардап шеккендер жайлы айтылмады.
Псковта дрондар әскери және азаматтық ұшақтар тұрған аэродромға шабуылдап, өрт шыққан. ТАСС дереккөзі төрт Ил-76 әскери-транспорттық ұшағы бүлінгенін айтқан. Ресей төтенше жағдай министрлігі ұшақ өртенгенін растағанымен, санын айтпады. Бұл соғыс басталғалы Украинаның Ресейге дронмен жасаған ең ірі шабуылы болуы мүмкін.
Псков тұрғындары 30 тамыз түнде жарылыс пен атыс дауысын естігенін айтқан. Бұл қала Украинадан 800 шақырым жерде орналасқан. Псков губернаторы түнгі бірге таман шабуыл жасалғанын растап, шығын есептеліп жатқанын айтты.
Псковтағы аэродромда Украинадағы соғысқа қатысып жатқан Берлин қызылту авиациялық полкінің әскери техникалары орналасқан. Бұған қоса, бұл қалада 76-шабуылдаушы десанттік дивизиясының да базасы бар.
Украина Ресейдің майданнан тыс жердегі аэродромдарын 2022 жылдың желтоқсанынан бері шабуылдап келеді. Бұған дейін Украина Саратов және Рязан облыстарындарғы базаларды, Курскідегі, Новгород облысындағы және аннексияланған Қырымдағы аэродромдарға шабуыл жасағаны айтылған. Дрондар шабуылына байланысты Ресей жолаушылар ұшағы ұшатын әуежайларды жабуға мәжбүр болған.
Брянск облысының губернаторы Александр Богомазның хабарлауынша, Брянскіге үш дрон шабуылдаған, барлық дрон құлатынған. Ресей қорғаныс министрі Брянск облысында үш, Рязань облысында екі, Орлов облысы мен Клуж облысында бір-бір дрон құлатылғанын айтады.
Таңғы төрт кезінде Мәскеу облысында ұшаққа ұқсас дрон қағып түсірілгені хабарланды. Мәскеу мэрі Сергей Собянин "алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер мен бүлінген ғимараттар жоқ" дейді. Осы хабардан соң Мәскеу әуежайлары уақытша жабылып, кейін қайта ашылған.
Ресей аннексиялап алған Қырымдағы Севастополь қаласының Мәскеу тағайындаған басшысы Михаил Развожаев Қара теңіз флоты дрондар шабуылына "төтеп бергенін" айтты.
Кейінгі кезде Украина Ресейдің аймақтары мен аннексияланған Қырымда дрондар шабуылын жиілетті. Өткен айларда Украина дрондары Мәскеуге, соның ішінде Кремльге дейін жеткен. Ресей бұл шабуылға Украинаны айыптайды, Киев шабуылдарға қатысты ресми түрде ештеңе айтпайды.