Ресей билігі "Новая газета" бас редакторы, Нобель сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратовты "шетел агенті" деп таныды

Дмитрий Муратов

Ресей әділет министрлігі 1 қыркүйекте "Новая газета" басылымының бас редакторы, Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының 2021 жылғы лауреаты Дмитрий Муратовты "шетел агенті" деп жариялады.

Министрліктің айтуынша, журналист "шетел агенттерінің материалдарын дайындап, таратуға атсалысқан", Ресей саясатына қатысты "теріс түсінік қалыптастыратын пікірін айту" үшін "шетел платформаларын пайдаланған".

Одан бөлек, "шетел агенті" реестрін Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі, "Кавказ.Реалии" сайтындағы "Кавказ хроникасы" подкастының жүргізушісі Майырбек Вашагаев, оппозиция саясаткері, Санкт-Петербургтегі заң шығару жиынының бұрынғы депутаты Максим Резник, комик-стендапер Руслан Белый, "Настоящая Россия" ұйымының директоры, жазушы Олег Радзинский, экономист Константин Сонин, "Дождь" тілшісі Денис Катаев, журналист Ксения Ларина мен Алексей Навальный жақтастарының Воронеждегі штабының жетекшісі Евгений Карпов толықтырған.

Ресей билігі сонымен бірге Украинадағы соғысқа қарсы шыққан және оған тувалықтардың қатысуына қарсылық білдірген "Новая Тува" қозғалысын да "шетел агенті" деп таныған.

  • "Шетел агенті" туралы заңнама Ресейде 2012 жылы пайда болды. Заң әділет министрлігіне шетелден қаржы алатын, саяси қызметпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарды "агент" деп атауға мүмкіндік береді. Сарапшылар заңның бұлыңғыр тұстары көп, сондықтан бұл билікке ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау саласы, экология, адам құқығы саласында істейтін ұйымдар мен тұлғаларды қудалауға жол ашты дейді.
  • Соның салдарынан шетелден қаржы алмаса да шетелдің ықпалына түскен ұйымдар мен жеке тұлғалар да "шетел агенті" деп таныла бастаған. Ресей заңнамасында шетел ықпалы деген ұғымға анықтама берілмеген.