Ресей ішкі істер министрлігінің Мәскеу бойынша бас басқармасы "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша актриса Лия Ахеджаковаға қатысты тексеріс бастады. Бұл жөнінде күштік құрылым өкілдеріне сүйенген ТАСС агенттігі хабарлады.
Тексеріс 27 маусымда Бремен қаласында (Германия) өткен "Мой внук Вениамин" атты қойылымнан түсірілген видеоға байланысты басталған. Видеода Ахеджакованың украин туымен сахнада тұрғаны көрінеді.
Gazeta.ru сайтының жазуынша, Ахеджакова Украина туын өзіне "арандатушы" гүлмен бірге берді деп айтқан.
"Басында мен оны орамал деп ойлап қалдым. Мұны арандатушылар әдейі жасады" деп Gazeta.ru актрисаның сөзін келтіреді.
Тексеріс жасау туралы өтінішті "қауіпсіздік және жемқорлықпен күрес жөніндегі федералдық жобаның" жетекшісі Виталий Бородин жазған. Оның пікірінше, Ахеджакова "өз елінің беделіне нұқсан келтірген".
Кейінгі кезде Ресейдің мәдениет саласы тұлғаларының соғысқа қарсы пікірлерін тексеру бойынша бас прокуратураға түскен өтініштерге қатысты хабарларда Виталий Бородиннің есімі жиі аталып жүр. Бұған дейін Виталий Бородин әнші Валерий Меладзе, актер Данил Козловский, Мәскеу циркының көркемдік жетекшісі Максим Никулиннің үстінен арыз жазған.
Лия Ахеджакова Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған. Ол сол ұстанымы үшін "Ленком" театрындағы қойылымынан шеттетілгенін айтады. Кейін театрдан кеткен. Оның қойылымдары шетелде де жүріп жатыр.
Сәуір айында да Бородин Ахеджакова үстінен бас прокуратураға арыз жазған. Ол актрисаға "мемлекетке опасыздық жасау", "Ресей армиясына нұқсан келтіру" және "дұшпандық қоздыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғауды сұраған.