Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұржан Нұржігітовті су ресурстары және ирригация министрі етіп тағайындады. Ол 2022 жылдың сәуір айынан бері Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған.
56 жастағы Нұржігітов 2021 жылдың сәуірінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. 2019-2021 жылдары Жамбыл облысы Байзақ ауданын басқарды. Оған дейін шамамен үш жыл Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік еткен. Нұржігітов — ауыл шаруашылығы саласының маманы, еңбек жолын 1991 жылы механик мамандығынан бастаған.
22 тамызда Жамбыл облысының Қордай, Мерке, Рысқұлов және Талас аудандарында суару суының жетіспеуіне және күн ыстықтығына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Биыл Жамбыл облысындағы бес ауданда шаруаларға су жетпей, егістерінің жартысы шықпай қалған.
Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Қазақстан билігінің айтуынша, 2023 жылы Қырғызстаннан келетін су 10 есеге азайған. Ал Қырғызстан тамызда Жамбыл облысына су жіберуді тоқтатқаны белгілі болды.
Себебі Қырғызстандағы Талас өзеніндегі Киров су қоймасындағы судың көлемі былтырмен салыстырғанда 144,8 миллион текше метрге азайған. Былтыр бұл көлем 177,28 миллион текше метр болған.
4 қыркүйекте Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті қызметінен босатып, орнына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровты тағайындады. Бұрын Сапаров ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2011-2019 жылдар аралығында ол СҚО әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған, СҚО-да екі ауданның әкімі болған.