Түркияда қыркүйектің басында жол апатынан қаза болған қазақстандықтардың саны үшке жетті. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 3 қыркүйек күні Түркияның Алания қаласындағы (Анталья провинциясы) тас жолда болған жол апатынан қаза болған атыраулық журналист Арайлым Бақытжанның күйеуі жансақтау бөлімінде көз жұмған. Бұған дейін жол апатынан Арайлым Бақытжанмен қатар оның екі жасар қызы да қаза болғаны айтылған еді.
"Ер адам реанимацияда қайтыс болды. Бүгін Қазақстанға олардың сүйегі жіберіледі" деді Смадияров 7 қыркүйекте.
Жол апаты 3 қыркүйекте кешке Түркияның Алания қаласындағы (Анталья провинциясы) тас жолда болды. Экскурсияға арналған жол талғамайтын көлік (сафари-джип) пен жеңіл автомобиль қатты жылдамдықпен соқтығысқан. 34 жастағы Арайлым Бақытжан оқиға орнында қайтыс болды, оның екі жасар қызы ауруханада көз жұмды. Жол апатынан журналистің тоғыз жастағы ұлы аман қалып, ауруханаға жатқызылған. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары кейін баланы туыстары елге алып кетті деп хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, жол апатынан ресейлік турист те қайтыс болған. Оннан астам адам зардап шеккен, олардың арасында Түркия, Израиль азаматтары бар. БАҚ-тың хабарлауынша, жол талғамайтын көлік қарсы жолаққа түсіп, аударылып кеткен. Түрік басылымдары соқтығысқан көлік жүргізушілері медициналық көмек көрсетілген соң ұсталғанын жазды.
Ақпаратқа қарағанда, журналист Арайлым Бақытжан жергілікті БАҚ-та жұмыс істеген, ерекше балаларды дамытуға арналған "Зейін-Атырау" орталығын ашқан.