Прокурор Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа алты жыл түрме жазасын сұрады. Бұл жөнінде "Власть" сайты хабарлады.
Прокурор Олжас Қайроллаевтың айтуынша, тараптар "кінәларын мойындайтындығы жөнінде процессуалдық келісімге келген". Прокурордың сөзіне қарағанда, жәбірленушілер де оған қарсы емес және Боранбаев, Наханов, Жанұзақовқа шағымдары жоқ.
Осыны ескерген прокурор Боранбаевты "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi" (28-бап, 5-бөлік,), "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" (189-бап 4-бөлік 2-пункт) және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" (218-бап 3-бөлік) айыптары бойынша кінәлі деп тануды, мүлкін тәркілеп, 6 жыл түрме жазасын беруді сұраған.
Мемлекеттік айыптаушы осы істегі өзге айыпталушылар Роман Нахановқа – 6 жыл түрме, Тайыр Жанұзақовқа да 5 жыл түрме жазасын сұраған.
Экс-президенттің қызының бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев биыл наурызда жоғарыда көрсетілген айыппен кінәлі танылып, 8 жыл түрме жазасын алған. Осы іс бойынша өзге сотталушы Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақ та 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевқа шыққан сот үкімінің күшін жойды. 29 маусымда Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевпен бірге сотталған Тайыр Жанұзақ пен Роман Нахановтың да үкімін өзгертіп, қайта қарау туралы шешім шығарды. Сот қаулысына сәйкес, үкімнің күшін жоюға Ресей газының бағасы көрсетілген құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған. Алаяқтық схеманы дәлелдейтін айғақтар да болмағаны жазылған.
Бір күн бұрын қаржы мониторинг агентігі (ҚМА) кәсіпкер Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активін мемлекетке қайтарғанын мәлімдеген.
Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.
Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "РахатПалас", "Алмалы" сынды қонақ үй, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.