Бүгін, 17 қыркүйекте Түркістан облысының Түлкібас ауданы, Машат ауылы әкімін сайлау процесінен ақпарат таратуға барған Азаттық тілшісі Дилара Исаны сайлау комиссиясы дауыс беру учаскесіне кіргізбеді.
Дилара Иса Машат ауылындағы №834-сайлау учаскесіне редакция тапсырмасымен барған. Алайда арнайы құжатын көрсеткеніне қарамастан оны сайлау учаскесіне жібермеген.
Түлкібас аудандық сайлау комиссияның төрағасы Ерден Қаратаевтың сөзінше, журналистің "сайлау процесінен хабар таратуға құқығы жоқ, тек бақылаушы ретінде қатысуға құқығы бар".
- Сіз сайлау процесіне кедергі келтіріп жатырсыз. Редакцияңыз осы сайлау учаскесіне бақылаушы етіп жібергені жөнінде құжат берсе, сайлау процесін бақылай аласыз. Сайлау учаскесінен журналист ретінде хабар тарата алмайсыз, ақпарат таратуға біздің ғана құқығымыз бар,-деді Түлкібас аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.
Дилара Исаға Азаттықтан берілген құжатқа "Машат ауылдық округіндегі №834 сайлау учаскесінен хабар таратуға редакциялық тапсырма берілді" деп жазылған. Алайда Ерден Қаратаевтың сөзінше, құжатта "бақылаушы ретінде қатысуға тапсырма берілді" деп жазылуға тиіс.
Қазақстанның Сайлау туралы заңында байқаушылар (бақылаушылар - ред.) мен сайлау комиссиясының міндеттері анық көрсетілген. Алдын ала тіркелген ұйым өкілдері байқаушы боп қатыса алады. БАҚ өкілдеріне байқаушы мәртебесі берілмеген. Қазақстанның БАҚ туралы заңы бойынша, тиісті құжаты бар журналист сайлау учаскелерінен ақпарат тарата алады, оған кедергі жасауға болмайды. Редакцияның журналистке "бақылаушы ретінде қатысу" жөнінде тапсырма беруге құқығы жоқ.
Дилара Исаның сөзінше, Машат ауылы әкімі лауазамына екі үміткер өз-өзін ұсынған. "Аманат" партиясының, "Ұлы көш", "Хақ" қоғамдық ұйымдарынан келген байқаушылар қатысып отыр. Сайлау процесін полиция бақылап тұр.