Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы органның ресми сайты хабарлады.
Бас прокуратура тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер жарияланбайтынын айта келе, "Конституция нормаларына сәйкес заң мен сот алдында бәрі тең. Тергеу қорытындысы бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданатын болады" деп мәлімдеді.
Прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай Orda.kz сайтына "Самат Әбіштің елден кетпеу туралы қолхатпен Қазақстанда екенін" айтқан.
Орган тергеудің қашан басталғанын нақты айтпады. Бірақ бас прокуратураның бұл мәлімдемесі Қаңтар оқиғасы бойынша істе айыпталушылардың бірі, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов сот процесі кезінде Самат Әбіш туралы айтқан сөзінен кейін шықты.
Кеше, 18 қыркүйекте Ысқақов сот отырысында Қаңтар қырғыны кезінде өзіне Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған. 2022 жылы маусымда журналистер сұрағына жауап берген бас прокуратура өкілдері "әлдебір іс бойынша Самат Әбіштің тергеу назарында екенін" айтқан. Былтыр шілдеде Самат Әбіш ҰҚК басшыларының ісі бойынша тергеуге шақырылғаны туралы хабар тараған. 2022 жылы Самат Әбіш ағасы Қайрат Назарбаевтың соты кезінде үйде отырғаны көрінген.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауға алып, биыл сәуірде сот оны "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бостандығынан айырған. Мәсімовтің орынбасарлары Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Әсіпов үш жылға сотталған. Мәсімовтің жақтастары "істің саяси астары бар екенін, Мәсімовті кінәлі етіп шығару керек болғанын" мәлімдеген.