Қаржы министрлігі шетелден ақша алатын ұйымдар тізімін жариялады. Тізімде құқық қорғау ұйымдары мен медиалар бар

"Қазақстан жастар ақпарат қызметінің" бақылаушылары. Көрнекі сурет.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті 19 қыркүйекте шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алатын азаматтар мен ұйымдардың тізімін жариялады. Сайтқа шыққан тізімде түрлі салада жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтың аты-жөні және БСН/ЖСН деректері көрсетілген. Тізімде ақпарат құралдары, құқық қорғау ұйымдары мен қоғамдық қорлар, халықаралық ұйымдар бар.

Тізімде "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы, Masa.media сайты, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры, "Қазақстан жастар ақпарат қызметі" (МИСК), бюджет шығындарын зерделеп жүрген Zertteu Research Institute қоғамдық қоры, PaperLab зерттеу орталығы, "MediaNet Халықаралық журналистика орталығы", CAPS Unlock (бұрынғы – Сорос-Қазақстан қоры), Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро бар.

Тізімдегі Masa.media редакциясы комитетке бұл тізімге не үшін енгендерін түсіндіруді сұрап хат жолдағанын жазды.

Биыл наурызда қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын ұйымдарды жариялау туралы құжатқа қол қойды. Бұдан былай шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алған азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке деректері мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында жарты жыл сайын ашық жарияланады. Билік осылайша халықтың мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарға сенімін арттыратынын мәлімдеген. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.

"Салық кодексінің" 29-бабына сәйкес, азаматтар мен ұйымдар шетелден қаржы немесе қандай да бір мүлік алғаны туралы есеп беруге тиіс. Бұл талап мемлекеттік мекемелер мен қызметкерлерге қолданылмайды.