CPJ шетелден қаржы алатындардың тізімі жариялануына алаңдаушылық білдірді

"Журналистерді қорғау комитеті" (The Committee to Protect Journalists) шетелден, халықаралық ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың тізімі жариялануына алаңдаушылық білдірді. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің тізімінде түрлі салада жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтың аты-жөні көрсетілген. Тізімде ақпарат құралдары, журналистер, құқық қорғау ұйымдары мен қоғамдық қорлар, халықаралық ұйымдар бар.

"Қазақстанның журналистерді, медиа және адам құқығын қорғау ұйымдарын шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың тізіміне енгізуі кейінгі жылдары Ресейде байқалған "шетел агенті" туралы дауға қатты ұқсас. Егер Қазақстан Кремльдің ізін басып, журналистика мен белсенділікті заң шеңберінен шығарғысы келсе, дұрыс келе жатыр. Алайда ол халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемелерін сақтағысы келсе, билік журналистер мен ақпарат құралдарының, баспасөз бостандығы күрескерлерінің аты-жөндері мен жеке деректерін жариялауын тоқтатып, шетелмен байланыс орнатқаны үшін немесе қаржы алғаны үшін қорықпайтындай оларға еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге тиіс" деп жазылған хабарламада.

Баспасөз еркіндігін қорғаушы ұйымның жазуынша, тізімде Reuters және Соғыс және бейбітшілік институты, Internews, журналистер Динара Егеубаева, Айнұр Коскина, Диляра Иса, "Әділ сөз", MediaNet, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі, Адам құқығын қорғау бюросы (Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы), Freedom House, Хельсинки комитеті және өзге де ұйымдар мен журналистердің аты-жөні бар. Тізімде журналистер жеке кәсіпкер категориясына енгізілген, олардың жеке сәйкестендіру нөмірі жарияланған.

Ұйымның жазуынша, 2018 жылы Қазақстан шетелден қаржы алатындарды есеп беруге міндеттейтін түзетулерге қол қойған. 2022 жылы енгізілген, биыл күшіне енген кейінгі түзетулерге сәйкес Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті шетелден қаржы алатындардың тізімін жариялауға тиіс.

Мемлекеттік кіріс комитеті сәуір айында жаңа заңнама "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.

Кей сарапшылар шетелден қаржы алатындар тізімін ашық жариялау – Ресей сияқты авторитар елдердің жолы деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сегрегация" ма, "сенімді арттыру" ма? Шетелден қаржы алатындар тізімін жариялау не үшін керек?