Алматыда Әйгерім Тілеужанның апелляция сотына барған тағы бір белсенді ұсталды

Азаматтық белсенді Абзал Достияров және адвокат Жанар Балғабаева полиция бөлімінде. 22 қыркүйек 2023 жыл.

22 қыркүйекте күндіз Алматыда белсенді Абзал Достияров ұсталды. Бұл жөнінде белсенді Facebook-тағы парақшасында хабарлады. Достияровтың айтуынша, оны адвокат Жанар Балғабаевамен бірге Әуезов аудандық полиция басқармасына апарған.

Белсенді желіде полиция "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап) бойынша іспен таныстырмақ деп жазды.

Адвокат Жанар Балғабаева Азаттыққа белсенді Алатау ауданындағы мектеп жанында ұсталғанын айтты. Оның сөзінше, бірнеше патруль көлігі Достияровтың жолын жауып, әкетпек болған. Кейін адвокат келіп белсендімен бірге полиция басқармасына барған.

"Достияров екеуіміз қазір полиция қызметкерін күтіп отырмыз" деді адвокат. Айтуынша, ол басқа басқармадан келеді.

Оларға Достияровтың үстінен Алмалы аудандық полиция басқармасында митинг өткізу жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша материал бар екені хабарланған.

Балғабаеваның сөзінше, сот отырысы онлайн өтуі мүмкін.

22 қыркүйекте таңертең Алматыда полиция белсенді Марат Тұрымбетов пен Майра Ғабдуллинаны да ұстап әкеткен.

Полиция белсенділердің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді.

Тұрымбетовтың сөзінше, өзіне 19 қыркүйекте Алматы қалалық сотында "әуежайды басып алу ісі бойынша" төрт жылға сотталған белсенді Әйгерім Тілеужанның апелляциясы кезінде "митинг ұйымдастырды" деген айып тағылуы мүмкін.

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.

Абзал Достияров "19 қыркүйек күні қалалық сот алдында сөз сөйлемедім, жағдайды түсірдім" дейді.