Курскіде ФСБ ғимаратына дрон шабуыл жасағаны хабарланды

Курск облысының губернаторы Роман Старовойт.

Жексенбі күні таңертең Ресейдің Курск қаласында әкімшілік ғимаратқа дронмен шабуыл жасалды. Курск облысының губернаторы Роман Старовойт Телеграмда ғимараттың "төбесі сәл бүлінгенін" жазды. Оның айтуынша, дронды Украина жағы жіберген. Украина әскері мұндай хабарламаларға әдетте түсініктеме бермейді. Телеграмдағы "Осторожно, новости" арнасы жариялаған видеода қала орталығынан қара түтін көтерілгені көрінеді. Басылым "бірнеше жарылыс" болғанын жазды.
Жергілікті түрғындардың жазуынша, "Добролюбов көшесіндегі бір ғимаратқа" соққы тиген. Онда облыстық ФСБ ғимараты орналасқан. Видеоны зерттеген "Агентство" басылымы ақпаратты растады.

Украина қорғаныс министрлігіне қарасты барлау басқармасындағы дереккөзге сүйенген "РБК-Украина" басыдымы да Курскіде ФСБ ғимараты "соққыға ұшырағанын" хабарлады.

"Рыбарь" Телеграм-арнасының жазуынша, мәселе Курскінің орталық ауданында орналасқан әкімшілік ғимараты жөнінде болып отыр. Ол ФСБ ғимаратынан ондаған метр жерде тұр.

Жексенбі күні Курскідегі тағы бір нысанға шабуыл жасалғаны туралы хабар тарады. "Украинская правда" сайтының дереккөзі мен бірқатар Телеграм-арналардың хабарлауынша, мұнай өңдейтін зауытқа да соққы жасалған. Облыс билігі әзірге ақпаратты растамады, губернатор Роман Старовойт әзірге әуе қорғанысы жүйесі іске қосылғанын ғана жазды. Жарияланған видеодан қандай да бір шығын келгені-келмегені түсініксіз.

  • РБК басылымының есебінше, 2022 жылдың ақпан айынан бері бір жарым жыл ішінде Ресей билігі дрондар шабуылы туралы 500-ден астам рет хабарлаған. 110 мәлімдемеде зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы айтылған.
  • Аймақ билігі дрондар Украин жағынан жіберілгенін айтады. Киев хабарламаға түсініктеме берген жоқ.