Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыс: Сотта жарыссөз басталды

2021 жылы тамызда Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа байланысты сот. Шымкент, 27 қыркүйек 2023 жыл.

27 қыркүйекте Шымкент гарнизоны әскери сотында Байзақтағы жарылыс бойынша сотта жарыссөз басталды. Онда айыпталушыларға сөз берілді.

Бұл істе екі жауынгер бен төрт офицер айыпталып отыр:

  • Аслан Бақытжанов (оқиға кезінде әскери бөлімнің бастығы міндетін уақытша атқарған) - "Қару-жарақ, айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" (462-бап 3-бөлігі 2-тармағы) және "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
  • Руслан Несіпқалиев (орынбасары) – "Қару-жарақ, айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" (462-бап 3-бөлігі 2-тармағы) "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
  • Ерлан Бошай – "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
  • Берік Омарбеков – "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
  • Әсет Әшірбай (жауынгер) - "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру" (202-бап, 3-бөлігі, 1,2 тармақары), "Әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру" (459-бап, 2-бөлігі);
  • Ерболат Тұранов (жауынгер) – "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру" (202-бап, 3-бөлігі, 1,2 тармақары), "Әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру" (459-бап, 2-бөлігі);

Осыған дейін қамауда отырған екі жауынгер сәрсенбі күні жарыссөзде тағылған айыпты мойындамады. Ал төрт офицерге әзірге сөз берілмеген.

27 қыркүйекте жарыссөз басталар алдында сарбаздардың туыстары сот ғимаратының алдында "Жарылысқа кінәсі жоқ!", "Тұранов Е. сарбазға бостандық", "Әділдік қайда?" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

"Шындықты айтып жатсаң, керісінше бұларға қысым көрсетіп жатыр" деді туыстарының бірі.

Айыпталушылардың туыстары сот алдында наразылық жасап тұр. Шымкент, 27 қыркүйек 2023 жыл.

Бұл іс бойынша 250-ден аса жәбірленуші бар. Жараланған және мүлкі бүлінген жәбірленушілердің айыпталушыларға талабы жоқ. Қорғаныс министрлігі де жәбірленуші деп танылған. Министрлік сот кінәлі деп танылған адамдардан 25 миллиард теңге өндіруді сұрайды.

2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімшенің қару-жарақ қоймасындағы жарылыс салдарынан 18 адам қаза тауып, 82 адам жараланған. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланған. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.