Украинаға шабуылдаған ирандық дрондардан Еуропа бөлшектері табылған. Оларды жеткізген үшінші елдер арасында Қазақстан да бар

«Шахед-131»

Украина тамыз айында Батыстағы одақтастарына ресейлік және ирандық дрондардан табылған Еуропа бөлшектері туралы құпия баяндама берген. Ақпаратқа қарағанда, кейінгі үш айда Украина қалаларына еуропалық компоненттері бар 600-ден астам дрон шабуылдаған. Бұл жөнінде 47 беттен тұратын баяндамамен танысып шыққан The Guardian басылымы жазды.

Ирандық "Шахед-131" дронында Батыста шығарылған 52 компонент табылған. Ал ұзақ қашықтыққа ұшатын "Шахед-136" дронында мұндай бөлшек саны — 57.

Украина билігінің мәліметінше, дрон жүйесінен табылған компоненттер Еуропадағы бес компанияда әзірленген: немістің Ti Automotive Gmbh мен International Rectifier, швейцариялық STMicroelectronics және U-blox, голландық NXP Semiconductor компаниясы. Құжат авторларының ақпаратынша, Батыс компаниялары өндірген бөлшектер Иранға Түркия, Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан, Вьетнам және Коста-Рика сияқты үшінші елдер арқылы тасымалданады.

Баяндама авторлары одақтастарына "осы дрондарды шығарған Иран және Сириядағы кәсіпорындар, сонымен бірге Ресейдегі құрастыру алаңдарына ракетамен соққы жасау жөнінде" ұсыныс айтқан. Олар мұндай соққыны тиісті қару берілсе, Украина қарулы күштері жасай алады деген. Киев ақпаратқа түсініктеме бермеді.

27 қыркүйекте АҚШ Иранға дрон бөлшектерін тасымалдаған Қытай, Гонконг, Түркия, Иран және Біріккен Араб Әмірліктерінің бес заңды және екі жеке тұлғасына санкция салды. АҚШ қаржы министрлігінің хабарламасында ирандық дрондардың Ресейге жеткізілгені жөнінде жазылған.

Ирандық "Шахед" дрондарын Ресей "Герань-2" деген атпен 2022 жылдың соңынан бастап соғыста қолданып келеді. Иран басында дрон бергенін жоққа шығарған, кейін Ресейге дрондарды соғыс басталмай тұрып бергенін мойындады. Мәліметке қарағанда, Украинаға соққы жасау үшін кейінгі үш айда сондай 600-ден астам дрон пайдаланылған.

Қазақстандық шенеуніктер бұған дейін Қазақстан аумағын Ресейге қарсы санкцияны айналып өтц алаңына айналуына жол бермейміз деп мәлімдеген еді. Биыл көктемде Қазақстан билігі республика шекарасын кесіп өтетін барлық тауарды тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-жүйені іске қосқанын хабарлаған.