Бұрынғы шенеунік тергеу барысына риза емес. Ермек Имантаев Қазақстанның Жоғарғы сот төрағасы және бас прокурормен кездесуді талап етіп отыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жолдаған. Айыпталушы өзінің талабын, ол орындалмайынша аштықты тоқтатпайтынын кеше, 28 қыркүйек күнгі сот отырысында айтты.
Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аштық жариялаған тұтқынмен мекеме психологтары жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
«Имантаевтың денсаулығын мекеменің медицина бөлімі бақылап отыр. Тұтқынның қылмыстық-атқару жүйесіне қояр кінәсі жоқ. Аштықты өзіне тағылған айыппен келіспегендіктен жариялаған» деп хабарлады Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Айыпталушының әйелі Лейла Имантаева жұма күні тергеу изоляторында болған. Әйелінің сөзінше, Имантаевтың денсаулығы нашар.
Осыған дейін сот отырыстарында Ермек Имантаев «Мені 7 айдан бері жазықсыздан жазықсыз түрмеге қамап отыр. Жеті ай бойы жүрегіме ота жасауға мүмкіндік бермеді. Өмір үшін күресіп келемін. Денсаулығым тергеу изоляторы мен соттың арасындағы жолға да жарамсыз. Жүрегімде төрт стент тұр. Сот мені үйқамаққа жібермей отыр. Осы гуманизмге жата ма?» деген болатын.
Тергеу Ермек Имантаевты «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберді» деп айыптап отыр. Мемлекетке келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңге деп бағаланған. Сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспейді.
Ермек Имантаев Ақтөбедегі тергеу изоляторына 2023 жылғы 10 ақпанда қамалған.
Айыпталушы Ермек Имантаев «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын 2019 жылғы қараша мен 2021 жылғы наурыз айы аралығында басқарған. Оған дейін әр жылдары президент аппаратында мемлекеттік инспектор болған, республикалық есеп комитетінде істеген. Ермек Имантаев 2002-2004 жылдар аралығында Ақтөбе облысының әкімі болды.