Қазақстанда Максим Галкиннің концерті өтпейтін болды

Максим Галкин

Қазақстанда ресейлік әртіс Максим Галкиннің концерті өтпейтін болды. Әртіс өнер көрсетуі тиіс концерт сарайлары шара жақындаған шақта аяқ астынан жөндеу жұмыстарына байланысты жабылды. Астанадағы "Қазақстан" концерт залының басшылығы 30 қыркүйекте су құбырына жөндеу жұмысы жүргізілетінін, ал 1 қазанда Алматыдағы Республика сарайы сахна бұзылғанын хабарлады.

Инстаграмдағы аккаунтында Республика сарайы "сахна механикасының апатты жағдайына байланысты концерт өткізу шұғыл тоқтатылғанын" жазды. Оларға 30 қыркүйекте Алматы қаласының Медеу аудандық төтенше жағдай басқармасының басшылығы осындай ұйғарым берген.

Жөндеу жұмыстары екі аптаға созылады деп айтылады.

Максим Галкиннің концертін ұйымдастыруы тиіс болған Астанадағы "Қазақконцерт" 4-10 қазанда "Астана су арнасы" мемлекеттік коммуналды кәсіпорны қала аумағының су құбырын жөндейтінін айтты.

Ақпаратқа қарағанда, "Қазақконцерт" Максим Галкинге туындаған жағдай жөнінде хабарлаған.

Галкиннің концерті Астанада – 8 қазанда, Алматыда 9 қазанға жоспарланған еді.

Бұған дейін Максим Галкин бірнеше айдан бері Қазақстанда концерт өткізе алмай жүргенін айтқан. Биыл 30 тамызда Instagram-парақшасында жариялаған видеосында Галкин Алматы мен Астанада жоспарлаған концертіне Қазақстанда "мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатқанын" айта келе, "шенеуніктер командама үнемі қарсылық танытады" деген.

Кейін қазақстандық қолданушылар Галкиннің Қазақстанда өнер көрсетуін қолдаған, артынша билеттер қайта сатыла бастаған.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Максим Галкин мен Алла Пугачева балаларымен бірге Ресейден кеткен. Галкин шетелде жүріп, Ресейдің әрекетін қатаң сынаған.

2022 жылы 16 қыркүйекте Ресей әділет министрлігі Максим Галкинді "шетел агенті" тізіміне қосқан. Министрліктің түсіндіруінше, Галкинді "шетел агенті" тізіміне енгізуге себеп болған жайт – "Украинадан түскен қаржы". Ведомство мәлімдеуінше, тележүргізуші саяси қызметпен айналысады.

Галкин Ресей билігінің бұл айыптауларын жоққа шығарады. Кейін Максим Галкиннің әйелі, Ресейдің танымал әншісі Алла Пугачёва Ресей билігінен өзін "шетел агенті" тізіміне қосуды сұраған.

Соғыс басталғалы бері ресейлік әртістердің көбі бұрынғыдай жер-жерде концерт өткізу мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанда Ресей әншілерінің концертіне жаппай емес, ішінара тыйым салынады. Мысалы, "танымал Z-әртіс" деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті көпшіліктің талабымен өтпей қалды. Бірақ Киркоровтың Астана мен Алматыдағы концертіне ресми қарсылық болмады.

Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Лариса Долина Қазақстанға келе алмады. Концерт өтетін орынның әкімшілігі әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы тұрғындарының негатив реакциясына байланысты ұйымдастырушыға Лариса Долинаның концертін өткізуге орын берілмейді" деп жазды.

Биыл 15 ақпанда Алматыда ресейлік әншілер қатысатын "Жара" фестивалі өтпей қалған. Ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлаған. Ресейлік шоу-бизнес өкілдері, ішінде соғысты қолдайтын Григорий Лепс те бар, 2022 жылдың жазынан бері Қазақстанда концерт өткізуге талпынып келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда ресейлік "Камызяки" командасының концерті өтпейтін болды