Таулы Қарабақтың бұрынғы басшылары ұсталғаны хабарланды

Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының бұрынғы басшылары (солдан оңға қарай): Аркадий Гукасян, Бако Саакян, Араик Арутюнян

Бірқатар әзербайжан ақпарат құралдары ресми дереккөздерге сілтеме жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының бұрынғы президенттері Араик Арутюнян, Аркади Гукасян және Бако Саакянның ұсталғанын хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, үшеуі де Степанакертте ұсталып, Бакуге жеткізілген. Осының алдында Әзербайжан Арутюнянға халықаралық іздеу жариялаған. Сонымен бірге әзербайжан әскері мойындалмаған республиканың парламент спикері Давид Ишханянды да ұстап әкеткен.

Таулы Қарабақтың мемлекеттік министрі Артур Арутюнян Азаттықтың Армян қызметіне өзі және Таулы Қарабақтың ұлттық қауіпсіздік қызметінің директоры Арарат Мелкумян, ішкі істер министрі Карен Саргсян және президент әкімшілігінің жетекшісі Карен Шахраманян 3 қазанда әзербайжан бақылау өткізу пункті арқылы Арменияға кіргенін айтты. Ол бұрынғы президенттер мен парламент спикерінің ұсталғанына байланысты түсініктеме бермеді.

Report агенттігінің хабарлауынша, ұсталғандардың бәріне бірнеше айып тағып, сотқа жібермек. Бірақ бұл ақпараттар ресми айтылмады.

Бұған дейін Әзербайжан Таулы Қарабақтың бірқатар саяси басшылары мен қолбасшыларын ұстаған. Арасында бұрынғы мемлекет министрі Рубен Варданян, бұрынғы сыртқы істер министрі Давид Бабаян, бұрынғы қорғаныс министрі Левон Мнацаканян, бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Давид Манукян бар.

  • Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
  • Бірақ Әзербайжан мен Армения бейбіт келісімге қол қоймаған. АҚШ, Еуроодақ және Ресей арасында келіссөз әзірге нәтиже әкелген жоқ.
  • 19 қыркүйекте Әзербайжан армян күштерін әзербайжан нысандарын атқылады деп айыптап, терроризмге кінәлаған. Бір күннен соң мойындалмаған республика билігі Баку шарттарымен келіскен.
  • 28 қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады.