Биыл қыркүйекте Владимир Путин мен Ким Чен Ынның Восточный ғарыш айлағында кездескеннен кейін Солтүстік Кореяның Ресеймен шекарасындағы Туманган станциясында жүк вагондары күрт көбейген. Мұны спутник суреттері көрсеткен.
Американың стратегия және халықаралық зерттеулер орталығындағы корей зерттеушісінің мәліметіне қарағанда, станция кейінгі бес жылда дәл бұлай қарбалас жұмыс істемеген.
5 қазанда станцияға бір мезгілде 73 жүк вагоны келген. Кейінгі бес жылда станциядағы жүк вагоны 20-дан аспаған. Зерттеушілер мұны Солтүстік Кореядан Ресейге жіберіле бастаған оқ-дәрі болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ оны спутинк суреттерімен дәлелдеу мүмкін емес, өйткені жүк контейнерлері жабық.
- Батыс барлаушылары Ресей Украинадағы басқыншылық соғыста тапшылық байқала бастаған оқ-дәрі мен снарядтарды Солтүстік Кореядан алуы мүмкін екенін әлденеше рет хабарлаған. Солтүстік Кореяның артиллериясы совет калибрі бойынша жасалғандықтан Ресей артиллериясына да тура келеді.