17 қазанда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты тротуардағы алты адамды қағып кеткен автобус жүргізушісі Хайрулла Юлдашовты 5 жыл бостандығынан, 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырды.
Судья 49 жастағы Жанат Мүсірәлі Юлдашовты Қылмыстық кодекстің "Көлікті пайдалану қағидаларын бұзу" бабымен (345-бап) кінәлі деп тапты. Сотталушы кінәсін мойындағанымен, автобустың өздігінен жүріп кетуіне "ShymkentBus" автобус паркі де жауапты деп санайды.
Жәбірленушілер айыпталушыға кешірім берген. Прокурор соттан Юлдашовты 8 жыл бостандығынан, 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айыруды сұраған.
Іс сотқа 5 қыркүйекте түскен.
8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында тұрған, жүргізушісі жоқ автобус еңіске қарай жүріп кетіп, қарсы бағытта тротуарда тұрған алты адамды қағып кеткен. Оқиғадан бес адам көз жұмған. Олардың үшеуі – жасөспірім. Бір адам ауыр жарақат алған.
Оқыс оқиға қала жұртын дүрліктіріп, қоғамдық көлік сапасына сын көбейген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі автобус апаты. Бес адамның өліміне әкелген оқиғадан қандай сабақ алуға болады?