ХАМАС радикал тобының бақылауындағы Газа секторының денсаулық министрлігі 7 қазаннан бері бұл аймақта 4651 адам қаза тауып, 14245 адам жараланғанын мәлімдеді.
Ал Израиль тарабы кемі 1400 адам қаза тапқаны хабарлаған. Бұған қоса, The Times of Israel газеті Израильдің Газа секторы мен Ливан шекарасының маңындағы 105 елдімекеннен 200 мың адам басқа жаққа кетуге мәжбүр болғанын жазды.
Израиль мен ХАМАС радикал тобының (АҚШ, ЕО және Израильде террорлық ұйым деп танылған) арасындағы соғысқа 17 күн болды. 7 қазан таңертең Газа секторынан ХАМАС Израильге ракетамен шабуыл жасап, жүздеген адамды кепілге алған. Израиль жауап ретінде Газа секторына әуеден шабуылдап жатыр.
Бұған қоса, Израиль Газа секторына жер үсті операциясын бастамақ. ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс әскері) өкілі Джонатан Корикус ХАМАС кепілге алған адамдарды босатпаса және қаруларын тастамаса "Газа секторына жер үсті операциясын жүргізуден басқа амал қалмайтынын" айтты.
Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант "ХАМАС-ты жоюға екі-үш ай кетуі мүмкін" деп мәлімдеді. Ол Израиль әскерін ештеңе тоқтатпайды айта келе, "жер үсті операциясы жақында басталады" деді.
Израиль тарабы 22 қазанда ЦАХАЛ Газа секторындағы "ХАМАС террористері" тығылып отырған 320 әскери объектіге әуеден шабуылдағанын хабарлады.