Қырғызстан шетелдегі қарулы қақтығыста өлген азаматтарының денесін әкелуге қаржы бөлмейді

Қырғызстанның еңбек министрлігі "Шетелде өлген Қырғызстан азаматтарын Қырғыз республикасына жеткізуге байланысты шығындар бойынша шаралар туралы" үкімет қаулысын қоғам талқысына шығарды.

Бұл құжатта Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік органдары өлген адамның қырғыз өкіметінің рұқсатынсыз шетелдегі қандай да бір қарулы қақтығыстарда өлгенін растаса оның денесін елге жеткізу үшін өтемақы төленбейтіндігі көрсетілген. Қырғызстан заңы бойынша қырғыз азаматтарының шетелдегі қарулы жанжалдарға, ұрыс қимылдарына қатысуға рұқсат жоқ.

Азаттық радиосы Қырғыз редакциясының мәліметтеріне қарағанда Украинадағы соғыста Қырғызстанның ондаған азаматы өлген. Сегіз адамның денесін Қырғызстанға әкеп жерлеген. Оларды Қырғызстанға жеткізу үшін өтемақы төленді ме, жоқ па белгісіз.

2023 жылдың алғашқы алты айында шетелден Қырғызстанның 297 азаматының денесін әкелген. Былтыр 350 адамның денесін қайтарған. Оның 200-ден астамы Ресейде өлген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкек Украинаға қарсы соғысқан өз азаматын соттады. Ресей мұны қастық деп, қысым көрсетіп отыр