Ақмола облысы Көкшетау қаласының соты белсенділер — Бауыржан Балташев, Қуат Мұхамеджанов пен Уәлихан Негметовті 15 күнге әкімшілік қамауға алды. Сот оларды "рұқсат етілмеген митингіге бір жыл ішінде бірнеше рет қатысқаны үшін" кінәлі деп таныған.
Сот шешімінде Негметов пен Мұхамеджанов "Көкшетаудағы Ақмола облысының әділет департаменті ғимаратында" бейбіт жиналысқа қатысқаны айтылды. Сот бұл жиынды әкімдікпен келісілмеген дейді. Әділет департаменті ғимаратының маңындағы митингіге қатысқан Балташев та әкімшілік жауапқа тартылды.
Белсенділер тағылған айыппен келіспейді.
Жақында #ActivistsNotExtremists құқық қорғау тобының телеграм-арнасы Бауыржан Балташев, Қуат Мұхамеджанов пен Уәлихан Негметов ақпанда әділет департаменті ғимаратына "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері ретінде қол қойғандарын растауға барғаны үшін сотқа тартылып жатқанын жазған.
Былтыр мамырдан бері әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" оппозициялық саяси партиясын тіркемек болған бастамашыл топтың құжатын 20 рет бас тартты. Белсенділердің айтуынша, "талапқа сай келмейді" деп кері қайтарған биліктің жауаптарында ешқандай нақтылық жоқ.
Таяуда құқық қорғаушылар 3 қазаннан бастап Қазақстанның кем дегенде алты қаласында, соның ішінде Алматы мен Астанада 19 белсенді ұсталып, 10-20 тәулікке қамалғанын хабарлады. Көбі Әкімшілік кодекстегі "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айыпталған. Тізімді 23 қазанда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жариялады.
#ActivistsNotExtremists телеграм-арнасының мәліметінше, 24 қазанда таңертең Астанада белсенді Венера Жаңабаева ұсталған.
Бұған дейін, 18 қазанда белсенді Бибігүл Иманғалиеваның үйіне полицейлер барған еді. Олар белсендіге шақырту қағазын апарған.
19 қазанда Ақтау қаласының соты белсенді Ұлболсын Турдиеваға "Жала жабу" бабы бойынша айыппұл салды.
23 қазанда Оралда полиция "Тыйым салынған ұйым ісіне араласу" бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша белсенді Орынбай Охасовтың үйіне барып, тінту жүргізген.
Құқық қорғаушылар "мұны 25 қазанда оппозиция жоспарланған митинг қарсаңында азаматтарды саяси қудалау" деп санайды.
Қазақстан билігі ұсталғандар мен қамалғандар жөнінде ештеңе айтпады.
Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха митинг жөнінде "Қызмет атқаруда күшейтілген тәртіпке көшеміз. Қазір әкімдіктерден барлық шаралар туралы ақпарат жинастырып жатырмыз, біз қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеміз. ҚДТ – экстремистік ұйым, ел аумағында оның қызметі заңсыз. Сондықтан, әрине, ешқандай митинг өтізуге біз жол бермейміз" деген еді.
Белсенділер 25 қазанда Қазақстан қалаларында бейбіт жиын өткізу туралы әкімдікке алдын ала ескерту берген. #АctivistsNotExtremists тобының мәліметінше, қазір белсенділерге 12 қалада митинг өткізуге рұқсат етпеген.
Шетелде тұратын қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 25 қазанда жұртты билікке қарсы митингіге шақырған.
Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны бейбіт саяси қозғалыс деп атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 25 қазан қарсаңында оппозициялық белсенділерді жазалау үдеді