Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапқан. Бұл жөнінде жергілікті төтенше жағдай департаменті мен әкімдіктің мәліметіне сүйенген Abainewskz порталы хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, 25 қазанда сағат 10:49-да жедел басқару орталығына Аягөздегі жеке үйлердің бірінен түтін шығып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндірушілер барған кезде жатын бөлмеде жиһаз бен өзге де заттар өртеніп жатқанын көрген деп айтылады.
"Өрт сөндірушілер өртті сағат 11:10-да оқшаулады, 11:24-те өрт сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр" деп жазылған хабарламада.
Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар төрт баланың денесін тапқан. Полиция олардың өлімінің себебін анықтауға кіріскені хабарланды. Тиісті сараптама тағайындалған.
Жергілікті билік отбасыға көмек беріліп жатқанын хабарлады.
Қазақстанда кейінгі кезде балалардың өрттен қаза болуы жиілеген.
- Биыл тамызда Павлодар облысында жеке үй өртеніп, бір нәресте мерт болды.
- Наурыз айында Алматы облысындағы Кепебұлақ ауылында үй өртеніп, 39 жастағы ер адам екі баласымен бірге қаза болды.
- 2022 жылы желтоқсанда Жамбыл облысында жеке тұрғын үйде болған өрттен екі бала қаза болды.
- Шамамен екі жыл бұрын Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адам өлі табылған. Олардың төртеуі – кәмелетке толмаған бала.
- 2021 жылы ақпанда Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.
- Сол жылы Қызылорда қаласында уақытша баспана өртке оранып, үйде болған бес баланың кенжесі қазаға ұшырады. Қалған балаларды үйде болған анасы құтқарып үлгерген.
- 2019 жылы ақпан айында астананың "Көктал-1" ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.