Ресейдің бас бостандығынан айырылған бірнеше саясаткері 30 қазан - саяси тұтқындар күні бір күндік аштық акциясын жариялады. Олар мұны алдын ала хабарлаған.
Акцияны айдың басында Алексей Навальный ұсынған. Мәтінді Илья Яшин, Владимир Кара-Мурза, Лилия Чанышева, Даниэль Холодный және Вадим Останиндер жазған. Акцияға Михаил Кригер де қосылған. Бұлардың бәрін құқық қорғаушылар саяси тұтқын санатына жатқызған.
Бірнеше тәуелсіз БАҚ пен журналистер 30 қазанда саяси тұтқындар күніне арналған жазбалары мен роликтерін әлеуметтік желіге жариялаған. "Мемориал" құқық қорғау ұйымының есебінше, Ресейде қазір 600-ден астам адам саяси және діни көзқарасы үшін қуғындалып отыр. 2014 жылдан бері күрт көбейген. Құқық қорғау ұйымы бұл мәлімет қолға түскендері ғана, шын мәнінде мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.