1 қарашада Астанада тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозияциялық ұйымының белсенділері Әсет Әбішев пен Айжан Акишева ұсталды. Ұйым мүшелері Францияның Астанадағы елшілігінде президент Эммануэль Макронмен кездесіп, оған Қазақстандағы адам құқығы жөнінде айтпақ болған. Белсенділердің ұсталғанын NotExtremists құқық қорғау тобы хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Әсет Әбішев ұсталғанда оның жанында Сергей Измайлов пен Гүлсара есімді ұйым мүшесі болған.
Азаттықтың түсірілім тобы 1 қарашада Францияның Астанадағы елшілігі маңында қара киінгендердің бір адамды ұстап әкеткен сәтін түсіріп алды. Тілшінің айтуынша, басында ол адамға полиция өкілі жақындаған, кейін қара киінген адамдар ұстап әкеткен. Әзірге ол адамның кім екені белгісіз.
Бүгін, 1 қарашада Батыс елдерінің елшіліктері орналасқан ауданда полиция бақылауы күшейді.
Азаттық тілшісі Франция елшілігінің маңында шамамен сегіз автозак тұрғанын байқаған. Елшілік маңында жүрген полиция өкілі Азаттыққа "ештеңе болған жоқ, барлық жерде күзет күшейтілген, автозак жоқ" деді.
Азаттық Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінен 1 қарашада ұсталғандардың саны мен оның себебін сұрады. Алайда жаңалық жарияланған уақытқа дейін полициядан жауап келмеді.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозияциялық ұйымы 31 қазанда желіде Франция елшілігіне баратынын хабарлаған. Олар Макронға "Қазақстандағы адам құқықтарының шынайы бейнесін көрсеткіміз келеді" деген.
1 қарашада Эммануэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан президентінің әкімшілігі шағын және кеңейтілген форматта келіссөздер өткенін хабарлады. Кездесу кезінде Қазақстандағы адам құқығы мәселесі қозғалды ма, ол жағы белгісіз.
Ақорданың жазуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық әріптес екенін, Франция "Қазақстанның ЕО-дағы маңызды әрі сенімді серіктесі" болып қала беретінін айтқан.