Босқын мәртебесі туралы өтініші кері қайтарылған ресейлік журналист Евгения Балтатарова сотқа арыз түсірді, деп хабарлады заңгер Мұрат Адам. Оның айтуынша, 6 қазанда Алматының уәкілетті органы оның босқын мәртебесін беру туралы өтінішін кері қайтарған.
"Евгения Балтатароваға қатысты уәкілетті органның шешімін зерделей отырып, біздің елде азаматтардың құқығы мен еркіндігі құнсыз екеніне көзім жетті, себебі Евгения Балтатарованың құжаттарын уәкілетті орган тіпті зерттемеген де. Бүгін (3 қараша – ред.) біз сот қорғауына жүгіндік" деп жазды заңгер бір күн бұрын.
Шағым Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында тіркелген. Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы 16 қараша сағат 9:30-ға белгіленді. Балтатарова телеграм-парақшасында сот мерзімі тез белгіленгенінен секемденгенін жазды.
- Ресейлік журналист Евгения Балтатарова 2022 жылы көктемдегі тінтуден соң Ресейден кетуді ұйғарған. Ақпаратқа қарағанда, Ресейде оған "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған Журналист Ресей құқық қорғау органдары "сыныққа сылтау іздеп", қылмыстық іс қозғауға түрткі болатын жайт табуға тырысқанын айтқан. Былтыр қазанда Ресей әділет министрлігі Балтатарованы "шетел агенті" деп танып, жеке тұлғалар тізіміне енгізген. Бұған дейін Қазақстанда бір-екі рет ұсталып, қайта босатылған.
- Қазақстан билігі Ресей сұрау салған кейбір азаматтарын еліне қайтарған. Былтыр жылдың аяғында Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді құқық қорғаушылардың сынына қарамастан Ресейге қайтарды. Ол былтыр қыркүйекте шекараны заңсыз кесіп өтіп, қазақстандық шекарашылардың қолына түскен. Кейін босатылып, қаладан кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Жилин саяси босқын мәртебесін сұрады, бірақ Қазақстан билігінен өтініші орындалмайтыны туралы жауап алды. Биыл Ресей соты Жилинді мобилизация кезінде әскери қызметтен қашу, шекараны заңсыз кесіп өту баптары бойынша 6,5 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге жіберді. Жилиннің туыстары Ресейде ол азаптауға тап болатынын айтқан еді.
- Қазақстан босқын мәртебесін сұраған Ресей азаматы Игорь Санджиевтің де өтінішін орындамады. Оған да қазір депортация қаупі төніп тұр.