Қадыровтың 15 жастағы ұлы Шешенстан қауіпсіздік қызметіндегі лауазымды орынға тағайындалды

Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров

Рамзан Қадыровтың 15 жастағы ұлы Адам Шешенстан басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөліміне жетекші болып тағайындалды. Бұл жөнінде республиканың ұлттық саясат, сыртқы байланыс, баспасөз және ақпарат жөніндегі министрі Ахмед Дудаев және мемлекеттік думаға Шешенстан атынан сайланған депутат Адам Делимханов хабарлады.

6 қазанда Адам Қадыровқа "Шешенстан республикасының батыры" атағы берілген. Кейін ол "ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосқаны үшін" – Татарстанның екінші дәрежелі "Достық" орденімен, "Республикаға сіңірген еңбегі үшін" Қарашай-Шеркес республикасының жоғары орденімен марапатталған.

Ақпаратқа қарағанда, Шешенстан басшылығы Кавказ республикаларынан Адам Қадыровты қолдауды сұраған, алайда Адыгея және Қабардин-Балқар республикалары оны марапаттаудан бас тартқан.

Қыркүйек соңында Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров телеграм-арнасында Адам Қадыровтың "Құран өртегені үшін" қамалған 19 жастағы Никита Журавельді ұрып-соғып жатқаны көрінетін видео жариялаған. Әкесі оның әрекетін құптаған.

Саясаттанушылардың болжамынша, 15 жасар ұлын марапаттап, мемлекеттік қызметтерге жетелеу арқылы Рамзан Қадыров оны мұрагер ретінде дайындап жатқан болуы ықтимал.