Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен байланысты кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Бұл туралы алдымен қазақстандық баспасөз құралдарына шыққан. Кейін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттыққа осы ақпаратты растап, Боранбаевтың қамау мекемесінен 6 қараша күні шыққанын хабарлады.
Бұған дейін Боранбаевтың түрме жазасы шектеу жазасына алмастырылғаны белгілі болған. Ол енді пробация бақылауында болады.
Биыл қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, алты жылға соттап, жалпы режимдегі колонияға жіберген. Оның алдындағы сот оны "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танып, 8 жылға соттаған.
Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандығынан айыру жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.
Кейінгі айда мемлекеттік органдар Боранбаев мемлекетке ірі активтерін қайтарғанын хабарлаған. Мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар мен активтер арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес-орталықтар, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кеніші бар. Кәсіпкер "елдің білім беру саласындағы инфрақұрылымын қолдауға 30 млрд теңге бөлгені" айтылды.
Қайрат Боранбаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар қатарына кірген. Оның қызы Әлима Боранбаева экс-президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан.
Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар бақылаушылардың пікірінше, ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен алынып, кейбірі қамалып, сотталған. Арасында Қайрат Боранбаев та бар. Ол 2022 жылы наурызда "квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды" деген күдікке ілінген. Оған QazaqGaz ұлттық компанияның газын сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған.