Қазақстанның бұрынғы президентімен байланысты "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" 6 қарашада Қарағандыдағы Костенко шахтасында апаттан қаза тапқан шахтерлердің отбасына 50 млн теңге (қазіргі бағамен 108 мың доллар) бөлгенін хабарлады.
Қор "шахтада болған трагедияға қатты алаңдаған тұңғыш президент ақша бөлуді тапсырды" дейді.
Бұл — Костенкодағы апатқа қатысты бұрынғы президентпен байланысты ұйымның алғашқы хабарламасы. Назарбаевтың өзі апатқа байланысты ресми пікір айтпады, жалпыұлттық аза тұту күні қаза болғандарға көңіл айтқан жоқ.
28 қазанға қараған түні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басқаратын Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, өрт шыққан. Апаттан 46 адам қаза тапты. Қайғылы оқиғадан соң Қазақстан үкіметі инвестормен ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ашкөз қожайын" мен "селқос билік". Ондаған адамның өмірін жалмаған апат үшін кім жауапты?
OCCRP журналистік зерттеу ұйымы былтыр қаңтарда Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты төрт қайырымдылық қоры ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) жайлы зерттеу жариялап, Назарбаев қорларына тиесілі активтерде кемі 7,8 миллиард доллар барын анықтаған. Назарбаевтың жақындарының біразы Forbes журналы түзген Қазақстандағы ең ауқатты адамдар тізімінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?