Бүгін, 13 қарашада Қазақстанның кейбір ақпарат құралдары бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың 70 жасында қайтыс болғанын хабарлады.
"Сағат 9.28-де жүрегі тоқтаған. Дәрігерлер 23 минут бойы реанимациялық шара жасағанымен, нәтиже шықпаған", - деп жазды Ratel.kz сайты.
Бұған дейін Болат Назарбаевтың ауыр халде ауруханаға түскені хабарланған. 365info сайтының жазуынша, Болат Назарбаев 3 қарашада кешке миокард инфаркті күдігімен Алматы клиникалық ауруханасына жатқызылған. ҚазТАГ агенттігінің дереккөзі де Болат Назарбаевтың ауыр халде инфарктпен ауруханаға түскенін растаған.
4 қарашада кешке Болат Назарбаевтың ауруханаға түскенін Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасы растаған. Алайда мекеме “медициналық құпияны” алға тартып, науқастың жағдайы мен диагнозын айтудан бас тартқан.
Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлсіреген соң, қоғамда Назарбаевтың туыстары, олардың байлығы туралы сұрақ көбейген. Бірқатар кәсіпкерлер Болат Назарбаевтан қысым көріп, рейдерлік шабуылға ұшырағанын мәлімдей бастаған. Онымен байланысты компанияларға байланысты сот жөнінде ақпарат жиілеген.
Былтыр жазда билікке жақын ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "көп жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі