АҚШ ресейлік немесе Ресейге қатысы бар бірнеше компанияға қарсы санкция салды. АҚШ қаржы министрлігінің сайтында жарияланған жаңа тізімге үш танкер мен Сербияның бұрынғы премьер-министрі де енгізілген.
Санкция салынғандар арасында Чебоксар қаласындағы электр жабдықтарын өндіруші АБС "Электротехника", онымен байланысты мәскеулік "Эссет автоматизация" және "Эссет энерго" компаниялары; электр жабдықтарын шығаратын "Бүкілресейлік релеқұрылыс ғылыми-зерттеу институты" мен "Зэим автоматизация" кәсіпорны, осылардың иесі болуы мүмкін деген күдікке іліккен Сербия халық партиясының негізін қалаушы Ненад Попович және оған қатысы бар делінетін "Доминион Никольский" және "Доминион Тверская-Ярославская" компаниялары да бар.
Бұған қоса санкция тізіміне Дубайдың Galleon Navigation және Kazan Shipping компаниялары мен олардың "НС Сентури" және "Казань" танкерлері; либериялық Progress Shipping компаниясы мен оның "Лиговский проспект" атты танкері, "Бетсити" букмекерлік кеңсесінің Солтүстік Македониядағы заңды тұлғасы, босниялық "БН-Инжиниринг" компаниясы енгізілген. "БН-Инжиниринг" Украинаның Запорожьесіндегі "Мотор Сич" зауытынан Ресейге тауар жеткізумен байланысы бар деген күдікке іліккен.