17 қарашада Астанада белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың лидері Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сотта жарыссөз өтті.
Сот отырысы кезінде прокурор судья Сабыржан Кәрімовтен сотталушы Марат Жыланбаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бостандығынан айыруды сұраған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.
Адвокат соттан белсендіні толық ақтауды сұрағанын, алайда өтініштерін сот қабылдамағанын айтты.
Жыланбаев соттағы соңғы сөзін қашан айтатыны әзірге белгісіз. Әдетте айыпталушыға ондай мүмкіндік жарыссөзден кейін беріледі.
1 қарашадан бері тергеу абақтысында өзін қудалауға наразылық білдіріп, аштық жариялап жатқан Марат Жыланбаев жүдеп, 13 келі салмақ тастаған. Қарашаның басында белсенді өзінің ісі бойынша сот процесі ашық болуын талап етіп, тергеу изоляторында аузын тігіп тастаған (кей мәлімет бойынша, кейін оның аузындағы жіпті күштеп алған).
30 қазанда судья Сабыржан Кәрімов айыпталушы Марат Жыланбаевтың соты жабық өтеді деп мәлімдеген. Судья осы іске "Роза" және "Бариста" деген лақап ат жамылып қатысып отырған екі куәгерден істі жабық өткізу туралы өтініш түскенін алға тартқан.
17 қарашада Астана қалалық сотында өтіп жатқан сот процесіндегі жарыссөзге Жыланбаевты жақтайтын 20 шақты адам келді. "Жыланбаевқа бостандық берілсін" деген жазу ұстап келген олар сот ғимаратының кіре берісінде отырды. Өзін Астана қаласының қоғамдық даму басқармасының (бұрынғы ішкі саясат басқармасы) қызметкерімін деп таныстырған адам белсенділердің әрекетін "заңсыз" деп атап, өз еріктерімен тарауға көндіруге тырысты. Жыланбаевтың жақтастары "сотқа келдік, демонстрация жасап жатқан жоқпыз" деді. Полиция қызметкерлері белсенділерді фото, видеоға түсіріп алды.
Мамыр айынан бері тергеу абақтысында қамауда отырған Марат Жыланбаевқа "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша айыптар тағылған. Жыланбаевтың жақтастары билік оппозициялық белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп біледі.
Тергеу органдары қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына Жыланбаевтың қатысы бар деп топшылайды. Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған, алайда Еуропарламент қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушыларды, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған.
Жуырда халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар биыл жазда Марат Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Ақорда "елде саяси көзқарасына бола қудаланған ешкім жоқ" дейді.
Your browser doesn’t support HTML5