17 қарашада сыртқы істер министрлігі Алматыға арнайы эвакуациялық рейспен Газа секторынан эвакуацияланған 99 адам(Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері) келгенін хабарлады.
СІМ оларға уақытша баспана бергенін, азаматтарға құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетіліп жатыр деп хабарлады.
Министрлік эвакуацияны "Қазақстанның Израиль, Иордания мен Египеттегі елшіліктері және сол елдердегі уәкілетті органдары мен халықаралық ұйымдар бірлесе істеген үйлесімді жұмыстың нәтижесі" деді.
СІМ қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету мен эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастыратынын айтты.
15 қарашада сыртқы істер министрлігі Газа секторынан "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы Египет аумағына Қазақстанның 92 азаматы және олардың отбасы мүшелері өткенін хабарлады. Олар кейін Каирдегі қонақ үйге орналастырылды. Ведомство Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың бірінші кезеңі өтіп жатыр деп хабарлаған.
14 қарашада Газа секторының шекара өткелі бас басқармасының сайтындағы тізімнің "Қазақстан" бөлімінде 122 адам — оның ішінде Қазақстан 66 азаматы, қалғаны — олардың балалары мен жұбайлары болған.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 қазандағы ХАМАС радикал тобының шабуылына соғыс жариялаған. Израильдің оңтүстігінде АҚШ пен Еуроодақ елдері "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобының шабуылынан 1200 адам қаза болған. Газада ХАМАС тобы кепілге алып кеткен 240 шамалы адам тұтқында отыр, арасында ондаған бала бар. Израиль әскерін бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсетті деп айыптады.
ХАМАС тобының бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль күштерінің шабуылынан 11 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан, көбі — әйелдер мен балалар. Дүниежүзілік сақтау ұйымы бұған дейін ХАМАС бақылауындағы министрліктің деректері шындыққа жанасатынын айтқан.
Бұған дейін Тель-Авивтен 124 қазақстандық эвакуацияланып, Алматыға ұшып келді. Бортта 166 жолаушы (Қазақстанның 124 азаматы және 42 шетелдік) болған.