Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа қаласының батыс бөлігін толық бақылауына алды, енді олар Газадаеы құрлық операциясының келесі кезеңіне өтеді. Бұл туралы Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант жоспарды егжей-тегжейлі түсіндірмей хабарлады.
"Операция жалғасып жатыр және ол айқын, ішінара, бірақ өте батыл түрде өтіп жатыр" деді министр.
Галант Израиль әскері "Әл-Шифа" ауруханасын тінту кезінде "маңызды заттар" тапқанын айтты, бірақ не жайлы екенін нақтыламады. Бұған дейін ЦАХАЛ видео жариялап, онда АҚШ пен Еуроодақ "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобы пайдаланды деген аурухана аумағындағы туннельге кіреберісті көрсетеді. Олар "Әл-Шифа" ауруханасынан қару-жарақ пен оқ-дәрі табылғанын хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху америкалық CBS телеарнасына берген сұхбатында "Әл-Шифа" ауруханасының аумағында бұған дейін ХАМАС радикал тобы кепілге алып кеткендердің бір бөлігі болған дегенге "айтарлықтай негіздер" бар екенін айтты. "Аурухана аумағына кіруіміздің бірден-бір себебі осы" деді Нетаньяху.
Нетаньяхудың сөзінше, Израиль әскері сәрсенбіде ауруханаға барғанда кепілге алынған адамдар болмаған. Ол Израиль үкіметінің қолында кепілдегі адамдар туралы ақпарат барын, бірақ ол жайлы "неғұрлым аз айтса, соғұрлым жақсы" болатынын ескертті.
Израильдің оңтүстігінде ХАМАС шабуылынан 1200 адам қаза болған. Газада ХАМАС тобы кепілге алып кеткен 240 шамалы адам тұтқында отыр, арасында ондаған бала бар.
БАҚ мәліметінше, Израиль билігі мен ХАМАС тұтқын алмасу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет жоқ, келіссөз нақты немен бітетіні де әзірше белгісіз.
Израиль 7 қазандағы ХАМАС радикал тобының шабуылына соғыс жариялаған. Израиль әскерін бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсетті деп айыптады. ХАМАС тобының бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль күштерінің шабуылынан 11 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан, көбі — әйелдер мен балалар. Бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөзден растау мүмкін болмай отыр.
Биньямин Нетаньяху америкалық телеарнаға берген сұхбатында Израиль Газа секторындағы бейбіт тұрғындар арасында құрбан санын азайту үшін қолдан келгенше бәрін жасап жатқанын айтып, "бірақ мұны ХАМАС әрекеттеріне байланысты сәтсіз өтіп жатыр" деді. Ол CBS News–ке берген сұхбатында "біз азаматтарға қауіп төндірмеу үшін бәрін жасаймыз, бірақ ХАМАС оларды соққы астында қалдыру үшін бәрін істеп жатыр" деді.
Израиль ХАМАС тобы бейбіт тұрғындарды "тірі қалқан" ретінде пайдаланады дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ СІМ: Қазақстан Газадан эвакуацияланған 99 адамды елге жеткізді