НАТО-ның тылды қамтамасыз ету және логистика жөнінегі бірлескен басқармасының жетекшісі Александер Зольфранк Еуропада "әскери Шенген" аумағын құруды ұсынды. Одақ өкілдерінің сөзінше, бұл альянс әскеріне одаққа мүше елдердің аумағында еркін қозғалуына мүмкіндік береді, деп жазды Reuters.
Зольфранктің пікірінше, қазіргі кезде "шамадан артық қағазбастылық" НАТО әскеріне Еуропада еркін қозғалуына бөгет жасап отыр. Егер Ресеймен әскери қақтығыс тұтанса, бұл тұрғыда жағдай қиындауы мүмкін.
"Біз бір қадам алда болуға тиіспіз. Бесінші бап қолданылғанға дейін әскери қимыл жоспарын дайындап алу керек" деді ол. Қақтығыс жағдайында НАТО-ға "әскери Шенгенді" қалыптастыру қиын болатынын да атап өтті.
"Әскери Шенген" аймағын енгізу туралы идеяны ең алғаш рет Еуропадағы АҚШ армиясының бұрынғы қолбасшысы Бен Ходжес 2017 жылы ұсынған.
"Егер біз тойтарыс береміз десек, одақ күштері Ресей әскеріне қарағанда жылдам қозғала алуы тиіс" деген еді сол кезде Ходжес.
2018 жылы Еурокомиссия Еуропада "әскери Шенген" енгізу туралы арнайы жоспар жасаған. Оған Латвия, Литва, Эстония, Бельгия, Германия, Нидерланды, Польша және Финляндия кіруі керек болған. Құжатқа сәйкес, осы елдер аумағында одақ әскерінің жылжуына бөгет болмауы керек.
Жоспарда сонымен бірге ЕО елдерінің екі жыл ішінде НАТО әскері мен техникасының жылдам қозғалысы үшін қажет жолдар, көпірлер мен темір жолдарды тексеріп, қажет болған жағдайда шұғыл түрде қайта салу қарастырылған.