"Оппозиция митингісі өтеді" деген күні Алматы мен Астанада қауіпсіздік шаралары күшейді. Астанада Жастар сарайы маңында кемінде бір белсендінің ұсталғаны хабарланды.
Қазақстанның бірқатар қалаларында белсенділер 25 қарашада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, танымал марафоншы Марат Жыланбаевты қолдау митингісін өткізетінін мәлімдеген. Кемінде 11 қалада жергілікті әкімдік белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішін мақұлдамаған. "Оппозиция митингісі" қарсаңында кемінде он шақты белсенді ұсталып, қамалды.
Сенбі, 25 қарашада Астанада "оппозиция митингісінің орны" деп белгіленген Жастар сарайы мен Кенесары ескерткіші маңы қоршалып, айналада үш үлкен автобус, он шақты газель, бірнеше полиция көлігі байқалды. Полиция аумақтың кейбір бөлігіндегі қозғалысты шектеді, бұған кейбір тұрғындар наразы болды.
Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген полиция аумақта "жаттығу өтіп жатқанын" айтты, алайда "қандай жаттығу" екенін, "мақсаты не екенін" түсіндірмеді.
Астанада түстен кейін "митинг өтетін аумақта" кемінде бір белсенді – Венера Жанбаеваның ұсталғаны хабарланды. "БелсенділерЭкстремистерЕмес" тобы Венера Жанбаеваның "ұсталған сәтінен" видео жариялады. Онда Жанбаеваның "Марат Жыланбаевқа бостандық!" деп айқайлағаны көрінеді. Одан кейін айналада жүрген полицейлер жүгіріп келіп оны ұстағанға ұқсайды – видео белсендінің айғайлауымен үзіледі.
Астана қалалық полиция департаментінің кезекші бөлімінде отырған адам Азаттыққа бүгін баспасөз қызметі істемейтінін, бар ақпаратты дүйсенбі күні алуға болатынын айтты.
Ал Алматыда "митинг өтеді" деген аумақ – Қазақ Британ техникалық университетінің маңында полициядан басқа ешкім болмады. Аумақта интернет болғанмен интернетті шектейтін құрылғысы бар көлік тұрды. "Ескі алаңның" әр бұрышында полицейлер жүрді. Біраз наразылар байқалмады. "Ескі алаңға" жақын Арбатты да полицейлер бақылап жүрді.
Қазақстанның бірқатар өңірінде белсенділер үйлерінің маңын полицейлер торуылдап жүргенін хабарлады. "БелсенділерЭкстремистерЕмес" тобының жазуынша, атап айтқанда Алматы облысы Талғар тұрғыны Гүлнұр Шабданова, БҚО-да Ақсу тұрғындары Айдар Сәрсенов пен Едіге Байтеміров үйлерінің маңынан өздерін полиция аңдып жүргенін байқаған. Аталған топтың хабарлауынша, сенбі күні Ақсуда белсенді Емберген Құрманов ұсталған. Ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.
Марат Жыланбаев – Қазақстанда билікті қатаң сынап жүрген оппозиция белсендісі. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Марат Жыланбаевқа "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша айыптар тағылып отыр. Белсенді мен жақтастары тағылған айыппен келіспейді. Өткен аптада прокурор соттан Марат Жыланбаевты 10 жылға еркінен айыруды өтінген.
Істің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Ақорда "елде саяси көзқарасына бола қудаланған ешкім жоқ" дейді.
Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушыларды, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған. Жуырда халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.