Әкімдікке жиналған әйелдердің дені көп балалы, жалғызбасты не асырауында ерекше баласы бар аналар. Олар мемлекеттен берілетін тегін үй кезегіне қою, оны бөліп беру "Отбасы банк" міндетіне өткізу туралы мәселе мәжілісте қаралғанын естіген. Наразылар бұл бастама мақұлданса жылдар бойы тұрған кезегіміз күйіп, баспанасыз қаламыз деп қауіптенеді. Өйткені банкке көрсететін кірісіміз, беретін алғашқы төлем жоқ дейді.
"Қазір қайда барарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Кезегіміз келді, әне-міне үй аламыз деп жүр едік. Үй беру "Отбасы банкке" өтсе онда біз ала алмаймыз ғой. Өйткені кірісіміз де жетпейді, алғашқы төлемге ақшамыз да жоқ" дейді наразылардың бірі, көп балалы ана Үрзада Тасқараева.
Жиналған әйелдер бір жарым сағат әкімдік ғимаратының дәлізінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің шығуын талап етті. "Әкім шық!" деп бірнеше рет айқайлады. Олар әкімнен бұл өзгеріске түсініктеме беруін талап етті.
"Мен қарсымын. Осы жерден түсініктеме алу үшін келдім. Кезек қандай жолмен қалады? "Отбасы банк" арқылы қандай адамдар тегін үй ала алады? Соны түсіндірсін" деді көпбалалы ана Гүлмира Дихабаева.
Әйелдер қала әкімі шықсын деп айқайлағанымен, орнына оның орынбасарлары шығып, наразылардың шағымын тыңдады. Олар тұрғын үй саясатына өзгерістер енгізу туралы мәселе парламенттің төменгі палатасы - мәжілісте қаралып жатқанын жеткізіп, талап-тілектерін жазып берсе, жеткізетіндерін айтты.
22 қараша күні мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй саясатын реформалау бойынша заң жобасы мақұлданған. Оны мәжіліске өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев түсіндірген. Онда халықты баспанамен қамту құзіреті "Отбасы банкке" берілетіні айтылған. Министр Қанат Шарлапаевтың айтуынша, "Отбасы банкі" екінші деңгейлі банктер қатарынан және депозитке кепілдік беру жүйесінен шығарылмақ.
– "Отбасы банкі" базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған жекелеген санаттардағы мүшелігіне қарамастан барлық азамат тіркеле алады. Бұл "бір терезе" қағидатын қолдануға мүмкіндік береді. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Әрбір қолданба үшін отбасының сандық портреті жасалады, – деді министр Қанат Шарлапаев.
Осы түзету аясында жеңілдікпен үй алатындардың санаттары да қайта қаралмақ. Кезекке жаңа тұратын азаматтар үшін баспанасыз болу мерзімін 10 жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Бірақ бұған дейін кезекте тұрған азаматтардың тағдыры не болатыны айтылмады.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттар мен сарапшылардың қатысуымен заң жобасы екінші оқылымға дайындалады. Одан соң ол сенатқа жіберілуі керек.
"Бәйтерек" ұлттық басқару холдингіне қарайтын "Отбасы банк" - Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинағын басқаратын қаржы ұйымы, ол түрлі мемлекеттік бағдарламамен азаматтарға тұрғын үй берумен айналысады.
Шымкент қаласында мемлекеттен берілетін тегін үй кезегінде 50 мыңнан аса адам кезекте тұр. Оның ішінде 12 мыңнан астамы көпбалалы аналар, 17 мыңнан астамы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тамақ ішкің келсе, мемлекеттік мектепке бар". Жекеменшік мектепте тегін оқитын бала көмектен қағылып отыр