28 қарашада Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға келіп, Қазақстан үкімет мүшелерімен Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге шектеу қою мәселесін талқылады. Ол жиыннан кейінгі брифингте Қазақстан тарапынан жақсы өзгерістер байқала бастағанымен, Ресейге тауарлар реэкспорты әлі азаймай тұрғанын мәлімдеді.
- Қазақстанға сапарлап келген сәуір айынан бері бірқатар жақсы өзгеріс байқадым. Соғыс майданынан табылған қалдықтар арасында Ресейге реэкспортталған тауарлар саны азайған. Бірақ басқа тауарлардың реэспорт мөлшері көбейген. Сондықтан Қазақстан мен Еуропа одағы бірлесе жұмыс істеп, ынтымақтастық нығайту қажет. Алда атқарар жұмыс көп, - деді ЕО өкілі.
О'Салливан Қазақстан үкіметінің өкілдерімен кездесу "пайдалы" болғанын айта келе, санкция тізіміндегі тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге экспортталуын болдырмау үшін жиындар жалғасатынын айтты.
- Біз қоқаң-лоқы көрсетпейміз, біз барлығымызға ортақ қауіп-қатерді ескертіп отырмыз. Қазақстанның санкцияны айналып өтетін жерге айналуы елге де, елдегі компанияларға да теріс әсер етіп, беделіне нұқсан келтірері анық, - деді ол Астанада.
Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі ертең, 29 қарашада Өзбекстанға барады.
О'Салливан биыл сәуірде де Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кеткен. Көктемде ол Қазақстан үкіметімен санкция тізіміндегі тауарларды Ресейге жеткізбеу жөнінде диалог жүріп жатқанын мәлімдеген. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ресейге реэкспорт жасалғанын мойындап, жүзден аса тауар ерекше бақылауға алынғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ О'Салливан: Қазақстан мен Ресей арасында "әдеттен тыс тауар ағыны" байқалдыРесей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған соң, Еуропа одағы Мәскеуге санкция сала бастаған. Ал 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысы басталғанда Батыстың Мәскеуге санкциясы күшейген.
Бірақ шетелдік басылымдар, Азаттық радиосы да арнайы зерттеу жүргізіп, қос мақсатта пайдаланатын тауарлардың Қазақстан арқылы Ресейге экспорты күрт өскенін анықтаған. Еуропа одағы санкция салынған тауарлар Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Мәскеу бұл тауарларды қару жасауға пайдаланып жатыр деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?Еуропа одағының Ресейге қарсы санкциясының 12-пакетінде қазақстандық Aspan Arba мен Da Group 22 және өзбекстандық Mvizion компаниялары бар екені хабарлаған.
Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec өз кезегінде тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан. Ал Da Group 22 былтыр Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейге экспорттағаны айтылған.
Your browser doesn’t support HTML5