Алматы қаласы әкімдігі "Феминита" бастамасына "Қазақстан әйелдері зорлыққа қарсы" атты бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді.
"Феминита" феминистік бастамасы Алматы әкімдігіне 9 желтоқсанда Шоқан Уәлиханов алаңында бейбіт митинг өткізгісі келетінін айтып, ескерту тапсырған.
"Бүгін, 4 желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Аманжол Мұсаев Жанар Секербаеваға хабарласып, 9 желтоқсанда Уәлиханов алаңында кезекті жөндеу жұмыстары жүретінін айтқан. Яғни, әкімдік зорлық-зомбылыққа қарсы митингіге рұқсат бермеді" деп мәлімдеді "Феминита" инстаграм парақшасында.
Әкімдік өкілі митинг өткізуге арналған Сарыарқа кинотеатрының маңында мәдени-қоғамдық шара жоспарланғанын айтқан. Сондықтан феминистер Махатма Ганди паркінде митинг өткізуді сұрап, әкімдікке жаңа ескерту тапсырған.
- Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс. Бірақ билік көбіне түрлі себеппен бейбіт митингілерге рұқсат бере бермейді. Рұқсат етпеген митингіге шыққандар 10-15 күнге қамалуы я айыппұл төлейді.
- Өткен айда Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Нүкенованың қазасына оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде қамауға алынған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тұрмыстық-зорлық зомбылықты "фемицид" деп танып, қылмыстық жаза тағайындауды талап етеді.