Құлыбаев KAZENERGY басшылығынан кетті

Тимур Құлыбаев

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев елдің мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы KAZENERGY басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы қауымдастық сайтында хабарланды.

Құлыбаев қауымдастықты 2005 жылдан бері басқарып келген. Енді KAZENERGY-ді Мағзұм Мырзағалиев басқарады. Мырзағалиев бұған дейін энергетика министрі, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі, "Қазмұнайгаз" мұнай компаниясы басқарма басшысы болған.

Тимур Құлыбаев – әлемдегі бай адамдарды бірі. Forbes журналының есебінше, оның байлығы – 4,3 млрд доллар. Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева (экс-президент Назарбаевтың ортаншы қызы) елдегі ең ірі банкті иеленіп отыр, бірнеше бизнесте активтері бар. Forbes екеуінің байлығын 8 млрд доллардан асады деп бағалайды.

57 жастағы Құлыбаев ұзақ жылдар бойы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы белді адамдардың бірі болған. 2022 жылы қаңтарда ол "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кеткен, бірақ KAZENERGY қауымдастығындағы қызметін сақтап қалған.

2022 жылы Құлыбаев ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінен де шыққан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ҚазҰУ және Құлыбаев. Университет жері неге әлі қайтарылмады?Назарбаевтар, Ізбастин, Құлыбаев және басқалар: кімнің компаниясына салық төлемеуге рұқсат етілген?Сот Құлыбаевтың компаниясы меншіктеген әскери госпиталь жерін мемлекетке қайтарды